#qyzylordatv
Италияда өтетін 2026 жылғы қысқы Олимпиада ойындарына дайындық барысы Үкімет отырысында талқыланды. Жиынға селекторлық режим арқылы қатысқан облыс әкімі жауапты сала басшыларына талқыланған мәселелер бойынша тапсырмалар жүктеп, мереке күндеріндегі жұмыс бағытын белгіледі.
Бүгінде аймақтағы 13 мыңнан астам спорт секциясында 370 мыңға жуық тұрғын спортпен шұғылданады. Өңірдің климаттық ерекшелігіне байланысты қысқы спорттың 3 түрі бойынша 233 спортшы 17 секцияда жаттығады. Соңғы үш жылда облыста 21 спорт кешені, Қызылорда қаласында 11 мың орындық жаңа стадион, «Самұрық Қазына Траст» қорымен бірлесіп «Теннис орталығы» салынды. Мүгедектігі бар жандарға арналған дене шынықтыру-сауықтыру кешені, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен 5 спорт кешені, «Қызылорда Арена» бой көтеруде.
Биыл дене шынықтыру мен спортты дамытуға жергілікті бюджеттен 38 млрд 213 млн теңге қаржы бөлінді. Жиында облыс әкімі спортпен шұғылданушылар санын арттыруды, сондай-ақ спорт кешендері мен спорт мектептерінің әлеуетін толық пайдалану қажеттігін тапсырды. Сонымен қатар мереке күндері күшейтілген режимде жұмыс істейтін коммуналдық қызмет саласының жауапты басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.