#qyzylordatv
Қызылордада «Достық үйінің» су жаңа ғимараты ашылды. Облыстық мекемелер үйінің жанынан бой көтерген нысан «ҚазАтомӨнеркәсіп» ұлттық атом компаниясының демеушілігімен салынған. Аталмыш ғимаратқа аймақтағы этномәдени бірлестіктер мен Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы ұйымдар қоныстанбақ.
Бүгінде Сыр өңірінде 35 этнос өкілі тату-тәтті өмір сүріп келеді. Жүзі басқа болса да, жүрегі бір жандар үшін бұл тарихи сәт. Жаңа жылдағы алғашқы нысанның ашылу салтанатына Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Марат Әзілханов, парламент сенаты мен мәжілісінің депутаттары және «ҚазАтомӨнеркәсіп» ұлттық атом компаниясының басқарма төрағасы Мейіржан Юсупов арнайы келді. Аймақ басшысы жаңа ғимарат ел игілігіне қызмет ететінін айтып, ізгі бастамаға атсалысқан азаматтарға алғыс білдірді.
Осылайша өңір жұртшылығының қатысуымен «Достық үйінің» жаңа ғимараты салтанатты түрде ашылды. Аумағы үш жарым мың шаршы метр болатын үш қабатты нысан заманауи үлгіде жабдықталған.
ЕЛЖАС ӘБДІЛДА – ТІЛШІ
«Достық үйі» ғимаратының іргетасы өткен жылдың мамыр айында қаланған болатын. Міне, жарты жылда толыққанды аяқталып, пайдалануға беріліп отыр. Мұнда татулықты ту еткен түрлі этнос өкілдері өздерінің құндылықтарын құнттап, көпшілік шаралар ұйымдастыруға жан-жақты жағдай жасалған/
Жаңа нысан «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы» акционерлік қоғамының демеушілігімен салынды. Жобаға 3 млрд, 800 млн теңге қаржы жұмсалған. Мұнда өңірдегі 11 этномәдени бірлестік өкілдері мен Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы журналистер клубының мүшелері орналаспақ. Сондай-ақ, сарапшылық топ, этномедиация секілді қоғамдық ұйымдарға да арнайы жабдықталған кабинеттер бөлініп отыр.
Осылайша, аймақтар арасында Түркістан облысынан кейін Сыр өңірінде заман талабына сай «Достық үйі» ғимараты ашылып отыр. Байырқалы бастамаға куә болған түрлі этнос өкілдерінің көңілі шат.
Жалпы, Сыр өңірінде тек бюджет қаржысына иек артпай, осылай демеушілік негізде қыруар шаруа атқарылып жатыр. Соңғы 3 жылда жиырмадан астам әлеуметтік нысан атымтай азаматтардың қолдауымен салынған. Ал тартылған қаржының өзін дер кезінде, сапалы игеру маңызды. Осы орайда жиында құрылыс жұмыстарын жүйелі жүргізген сала мамандары мен татулықты ту еткен этномәдени бірлестік мүшелері марапат төрінен көрінді.