#qyzylordatv

«Әлеуметтік әмиян» жобасының қолданыс аясын кеңейту мақсатында облыс орталығында семинар болды. «Аманат» партиясының ұйымдастыруымен өткен шарада ұстаздар мен ата-аналарға цифрлық платформаны тез үйренудің тетіктері түсіндірілді.

Бүгінде аймақтағы 290 мектеп «Әлеуметтік әмиян» жобасына енгізілген. Білім беру ұйымдарындағы бағдарлама арқылы ата-аналар мен ұстаздар оқушының қалай және қашан тамақтанғанын бақылап отыра алады. Алайда, 1-4 сынып оқушыларына арналған тегін және жеңілдетілген тамақтану ваучерлерін автоматты түрде есептеу тәртібі, сондай-ақ мәртебені тексеру тетіктері бойынша толық түсінік қалыптаспаған. Сондықтан, «AMANAT» партиясы мен Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің өкілдері бірлесіп, мектеп мұғалімдері мен ата-аналарға электронды жүйенің тиімділігін түсіндірді.

Алдағы уақытта жұмысшы топ жеті аудандағы білім ошақтарында «Әлеуметтік әмиян» жобасын пайдаланудың тиімді әдістемелерін ұсына отырып, шеберлік сабағын жүргізетін болады.