#qyzylordatv
Облысымыздың басым бөлігінде қар жауып, жауын-шашын көбейген сайын «Қазавтожолдың» жұмысы қыза түсті. Республикалық маңызы бар жолдардың тазалығына жауап беретін, көлік құралдарының қозғалысын қамтамасыз ететін мекеме қызметкерлері тәулік бойы тынбастан тірлік етуде. Қыс маусымындағы жолды күтіп-ұстау жұмыстарымен әріптесім Әкімжан Жолтаев танысып келді.
Соңғы екі жылдың көлемінде Қазавтожол мекемесінің материалдық базасы жаңарып, құм шашатын, қар тазалайтын заманауи техникалармен толықты. Қазір мұнда қысқы күтіп-ұстау жұмыстарын жүргізетін 77 техника бар. Сонымен қатар, көктайғақтың алдын алуға арналған инертті материалдар қоры да жеткілікті.
НҰРЛЫБЕК ҮСЕНОВ, «ҚАЗАВТОЖОЛ» ҰК ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ БӨЛІМ БАСТЫҒЫ
Тайғаққа қарсы материалдар қоры толығымен дайындалды. Қазіргі уақытта 5 мың тонна тұз, 15 мың куб құм дайындалды. Филиалда тәуліктік диспетчерлік қызметі ұйымдастырылған. Сонымен қатар ҚАЖ Ұлттық компаниясында 1403 байланыс орталығы бар, онда жол пайдаланушылар көмек қажет болған жағдайда хабарласуға болады.
ӘКІМЖАН ЖОЛТАЕВ, ТІЛШІ
Республикалық маңызы бар автожолдарды күтіп-ұстау жұмыстарымен Қазсервис жауапкершілігі шектеулі серіктестігі айналысады. Қазір мекеме қызметкерлері арнайы техникалармен күре жолдың бойын қардан тазарту және құм мен тұз себу жұмыстарын жасап жатыр
Облыс аумағындағы республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 1024 шақырымды құрайды. Қазавтожол қызметкерлері Түркістаннан Ақтөбеге дейін, Қызылорда қаласынан Ұлытаудың шекарасына дейінгі аумақты тазалау, күтіп-ұстау жұмыстарын жүргізеді. Яғни, аялдамалар мен дәретханалардың тазалығы, жол белгілерін жаңарту, жарық шамдар орнату секілді жұмыстардың барлығына Қазавтожол мекемесі жауап береді.
АРДАҚ СЕРІКБАЕВ, «ҚАЗСЕРВИС» ЖШС ҚЫЗМЕТКЕРІ
Жол қызығы да, шыжығы да мол жұмыс. Республикалық жолда қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, жолдың тайғақ болмауының алдын алып қызмет жасаймыз. Қазгидрометтің болжауымен алдын ала біліп, учаскелерге барып отырамыз қар жауатынның алдында.
«Қызылорда-Жезқазған» автожолының 85 және 154 шақырымдарында техникалар мен тайғаққа қарсы материалдар сақтауға арналған ангарлар мен жылыту пункті есебіндегі модульдік ғимарат орнатылған. Мұнан бөлек, республикалық маңызы бар жолдарда 9 жылыту пункті жұмыс істейді. Қолайсыз ауа райы кезінде далада қалған жолаушылар осы жерге уақытша орналасады.