#qyzylordatv

Елдің есін екеу, түсін төртеу қылған есірткіге байланысты қылмыстар көптеген мемлекетте аса ауыр санатқа жатады. Иран, Сауд Арабиясы, Қытай, Сингапур сынды елдерде тіпті өлім жазасы қарастырылған. Ал біздің елімізде заңды белден басқандарға қандай жаза қолданылады? Есірткі таратқаны үшін сотталғандар түрмеге қалай және қанша жылға түскенін тілшіміз Елдос Асан айтып берді.

 ЕЛДОС АСАН –ТІЛШІ

// Қазақстанда өлім жазасы қолданылмайды. Бірақ есірткі сату мен тарату – ұзақ жылға бас бостандығынан айыруға әкелуі мүмкін. Мәселен, Қылмыстық атқару жүйесі департаментінің Қызылорда облысы бойынша №60 мекемесінде есірткі бизнесін ұйымдастырған, наша еккендер мен шеккендер, жалпы саны 160-тан астам сотталғандар жазасын өтеуде. Синтетикалық түрін сатқан, курьер болып пайда тапқандар да осында отыр.//

Солардың бірі – Айбек. Ол қуыс-қолттыққа синтетикалық препараттарды жасырумен айналысқан. Қылмыс үстінде ұсталып, 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Қазір жазасын өтеп жатыр.

АЙБЕК – ЖАЗАСЫН ӨТЕУШІ

// Көп ақша ісетігің келсе мысалы сенің өзіңнің фантазияң болуы керек. Тықтың, звандады, алып кетті. Күніне 10 закладка тықсаң мысалы, кешке примерно 150-170 мың теңге сенің қалтаңда ғой. Бір күнде. Осы нәрсемен айналысып жүргенде менде қорқыныш деген болмапты. Ақшаның қызуы ғой. Қалай мынаны көбірек тығып, сондайды ойлап, бәрін қарап, камералары айналып өтіп, деген ойлармен жүресің.//

Жазасын өтеуші түрмедегі тіршілікті көрген соң ғана жасаған ісіне қатты өкінген. Жеңіл ақша жолында өміріне балта шапқанын һәм бостандықтың қадірін кеш түсініпті.

АЙБЕК - ЖАЗАСЫН ӨТЕУШІ // Мені қынжылтатыны бар ғой, мен тыққан нәрсемді пайдаланып, қарақшылық жасап, біреулерді өлтіріп қоймады ма екен, деп әртүрлі ой келеді. Өйткені оның бәрі мүмкін нәрсе. Наркотикалық әсермен біреудің көлігін ұрлап кетіп, тағы басқа. Адам өліміне әкелетін төбелес, сондайларға себеп болып қалмады ма екен деп...//

Ал екінші кейіпкердің жағдайы тым бөлек. Тапқан-таянғанын букмекерлік ойындарда бәс тігуге жұмсап, қарызға белшесінен батқан. Берешектен құтылудың амалы ретінде есірткі бизнесіне бет бұрған. Психотропты заттардан пайда таппақ болған әрекетін полиция қызметкерлері әшкереледі. Сотталып тынды.

АЗАМАТ - ЖАЗАСЫН ӨТЕУШІ

//Қызылорда қаласының ҚАЖ департаментіне қарасты №60 мекемесінде азамды өтеп жатырмын. Статьям 297 баптың 3 бөлігімен 10 жылға бас бостандығынан айырылдым. Казино ойнадым, карта ойнадым. Сол уақытта ақша таба алмаған соң есірткімен айналысуға тура келді. //

Qamqor.gov.kz сайтынан алынған статистикаға сүйенсек, былтыр Сыр сақшылары есірткі қылмысына қатысты 324 деректі әшкерлеген. Соның ішінде Қызылорда қаласында 168 , Арал ауданында 38-і анықталған. Үштікті 28 оқиғамен Сырдария ауданы түйіндеп тұр. Ал, Жаңақорғанда 22,Қармақшыда 20,Қазалы мен Шиелі аудандарында 19 жағдайдан, Жалағаш ауданында 10 құқық бұзушылық тіркелген.

Заңсыз айналымнан бас-аяғы 1,5 тонна есірткі, оның ішінде 2 келіден астам синтетикалық есірткі тәркіленді. Сондай-ақ, зиянды затты жарнамалайтын «граффити» суреттер өшіріліп, түрлі сайт бұғатталған.

ТЕМІРХАН АХМЕТ – ОПД ЕСІРТКІ ҚЫЛМЫСЫНА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ЖЕДЕЛ УӘКІЛІ // 2025 жылдың 12 айымен 1500 жуық синтетикалық есірткіні жарнамалайтын сайттар бұғатталды. 30-ға жуық телеграм әлеуметтік желісінде жедел іздестіру шараларын жүргізудеміз. Сонымен қатар 100 жуық наркограффитилер жойылды. Және бір азамат есірткі жарнамалап жүрген жерінен ұсталып, қазіргі таңда қылмыстық іс сотқа жолданды.

АЛТЫНБЕК ӨСКЕНБАЕВ - №60 МЕКЕМЕСІ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ // Бұрыңғы кездері есірткі сатқан азаматтар қайта қылмыс жасап, бір қылмысты қайта жасап келіп жатқандардың саны мүлде көп тұғын. Қазіргі сотталғандардың саны қазіргі таңда едәуір азайып отыр. //

Сотталғандар саны азайғанымен есірткінің қатері көбеймесе, бәсеңдер түрі жоқ. Жуырда ғана дәл осы түрмеде отырған жақынын «жарылқап», марихуана өткізбек болған тағы бір тұрғын ұсталды. Күдікті тыйым салынған затты сөмкенің бауына жасырып әкелген.