#qyzylordatv
Мәншүк Мәметова атындағы жоғары колледжінде облыстық ардагерлер кеңесі жанынан құрылған Әжелер алқасының студенттермен кезекті кездесуі өтті. «Әже – отбасының алтын діңгегі» тақырыбында ұйымдастырылған шараның мақсаты – жастар арасында отбасылық құндылықтарды, ұлттық тәрбиені және салт-дәстүрді кеңінен насихаттау.
Бұл жәй кездесу емес, көргені мен түйгені мол аналардың рухани дәрісі деуге болады. Жиынға келген әжелер отбасы берекесінің мәнін, келін тәрбиесінің жауапкершілігін, ұрпаққа өнеге болудың маңызын өз ғұмыр жолынан алынған мысалдар арқылы жеткізді.
Тоқсан жастағы ардагер ұстаз Айжамал Айтмағанбетова алты перзент өсіріп, бүгінде 18 немере мен 24 шөберенің қызығын көріп отыр. Ардақты әже өз әулетінің ғана емес, тұтас бір ұрпақтың тәрбиесіне үлгі боларлық жан.
Мұндай тағылымды кездесулер - өткен мен бүгінді жалғаған алтын көпір іспеттес. Әжелер алқасының бастамасы арқылы жастар ұлттық тәрбиенің мәнін, салт-дәстүрдің тереңдігін, отбасы құндылығының салмағын нақты өмірлік мысалдар арқылы түсінуге мүмкіндік алды. Өйткені қазақ танымында әже - тек шаңырақтың емес, тұтас ұрпақтың рухани тірегі саналады.