#qyzylordatv
Былтыр облыстық тергеу комиссиясының қадағалауымен 141 мекеме тексерілген. Орын алған заң бұзушылықтар бойынша мыңнан аса материал сот және өзге де уәкілетті органдарға жолданып, 98 тұлғаға 29,3 млн теңге әкімшілік айыппұл салынды. Бұл туралы «Мемлекеттік аудит және заң бұзушылықтарының алдын алу, бюджет қаражатын басқарудың және пайдаланудың тиімділігін арттыру» тақырыбында өткен жиында баяндалды.
Конференцияның күн тәртібінде 5 мәселе қаралды. Ең алдымен мемлекеттік аудитпен анықталған бұзушылықтар және олардың алдын алу жайы баяндалды. Облыс бойынша тексеру комиссиясының мүшесі Сәкен Қармыстың айтуынша, былтырғы жылы 141 мекеме тексеріліп, 1505 аудит материалдары сот және өзге де уәкілетті органдарға жолданған. Нәтижесінде, 163 аудит материалы бойынша 98 лауазымды тұлғаға 29,3 млн теңге әкімшілік айыппұл салынған. Қаржылық бұзушылықтардың басым бөлігі еңбек заңнамасын сақтамау, еңбекақыны есептеудегі қателіктер, іссапар шығындарының артық төленуі мен жалған диплом бойынша еңбек ақы алудан, негізгі құралдарды дұрыс рәсімдемеу секілді мәселелерден туындаған.
СӘКЕН ҚАРМЫС – ОБЛЫС БОЙЫНША ТЕКСЕРУ КОМИССИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ
862 тұлға жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде 712 тұлға әкімшілік жауапкершілікке, 148 тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды. 2 материал құқықтық қорғау органдарына жолданды.
Биыл тексеру комиссиясы 26 аудиторлық іс-шара шеңберінде 134 мекемеге тексеру жүргізуді жоспарлап отыр. Оның ішінде білім, денсаулық салалары мен квазимемлекеттік сектор субъектілері қамтылмақ. Ал, ішкі мемлекеттік аудит департаментімен жүргізілген тексерулер нәтижесінде орындалмаған жұмыстарға, жеткізілмеген тауарларға және көрсетілмеген қызметтерге бюджет қаражатын негізсіз аудару деректері анықталған.
МАЙРА ӨМІРБАЕВА – ОБЛЫС БОЙЫНША ІШКІ МЕМЛЕКЕТТІК АУДИТ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Департамент тарапынан анықталған бұзушылықтарды жою және оларға жол берген лауазымды тұлғалардың жауаптылығын қарау туралы 84 нұсқама жолданып, уақытылы орындалмаған 8 нұсқама бойынша ҚР ӘҚК 462 бабы, 3 бөлігінің аудит объектінің басшыларына хаттама толтырылып, сот қарауына жолданды.
Конференцияда мұнан бөлек, облыстық бюджетті жоспарлау мен атқару және коммуналдық мүлікті басқарудағы өзекті мәселелер талқыланып, жаңа салық кодексі туралы баяндама жасалды. Сонымен қатар, мемлекеттік сатып алу туралы жаңа заңнаманы іске асыру жайы қаралды.
Конференцияны ұйымдастырудағы басты мақсат – мемлекеттік және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде қаржылық бұзушылықтардың алдын алу және қаржылық тәртіпті нығайту. Сондықтан мұндай шаралардың маңызы зор.