#qyzylordatv

Ұлттық ұланның 5547 әскери бөліміне Отан алдындағы борышын өтеуге келген жас сарбаздар ант қабылдады. Салтанатты шараға жауынгерлердің жақындары қатысып, ерекше сәттің куәсі болды. Әскери бөлімді аралап, сарбаздардың бір күндік жұмысымен танысты.

 Ұлттық ұланның 5547 әскери бөлімінде бүгінде бес жүзге жуық жігіт Отан алдындағы борышын өтеуде. Олардың 144-і жаңадан қабылданған жас сарбаздар. Еліміздің әр өңірінен келген жігіттер 45 күн бойы әскери дайындықтан өтіп, темірдей тәртіпке үйренді. Енді міне, әскери ант қабылдап, нағыз жауынгер атанды.

 Жанарыс Алпысбаев әскер қатарына Алматы облысынан шақыртылған. Аз ғана уақыттың ішінде үлгілі тәртібімен көзге түскен ол салтанатты шарада сөз сөйлеп, көпшілік алдында салтанатты түрде ант қабылдады.

ЖАНАРЫС АЛПЫСБАЕВ, ЖАС САРБАЗ

Бүгін біз өміріміздегі ең жауапты әрі қасиетті күндердің бірінде Отанымызға адал қызмет атқаруға ант беріп, ҚР Қарулы күштерінің қатарына толыққанды сарбаз болдық. Еліміздің тыныштығын, тәуелсіздігін қорғау біз үшін үлкен абырой

Ант қабылдау рәсімі жауынгерлер үшін ғана емес олардың ата-аналары үшінде ерекше толқынысты сәт. Баласының әскери өмірге үйреніп, жауапкершілікті сезінуі әрине үлкен қуаныш.

 МӨЛДІР ҚҰРМАНӘЛИЕВА, АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ

Қазақ бекер айтпаған екенғой «жалғыз баласы бардың шығар, шықпас жаны бар» деп. Ұлттық рухты тәрбие алсын, білім алсын, ер азамат болсын, бойында елге, жерге деген патриоттық сезім жоғары деңгейде ұяласын деген мақсатта ұлымды әскерге жіберіп отырмын. Ана ретінде әрине жүрегіміз мазалы. Дегенменде бүгінгі күндегі әскери қызметтің жоғары деңгейде жасап жатқан жұмысына көзіміз жетіп, балаларымызды әскерге жіберіп отырмын

 Айта кетейік, Ұлттық ұланның сарбаздары түзету мекемесінде және қала көшелерінде қоғамдық қауіпсіздікті қадағалайтын болады.