#qyzylordatv

Қала мен ауыл мектептерінің арасындағы алшақтықты азайтып, білім сапасын арттыру, цифрлық технологияларды тиімді қолдану бүгінгі күндегі ең өзекті мәселенің бірі. Қалаға қарасты Қызылжарма ауылындағы Келешек мектебінде осы тақырып аясында семинар-тренинг өтті.

«Адал азамат: ауыл мектебінің келешегі» тақырыбындағы семинар бұған дейін еліміздің бірнеше қаласында өткізілген болатын. Мақсат - ауыл мектептеріндегі білім сапасын арттырып, құндылыққа негізделген тәрбие жүйесін күшейту, цифрлық технологияларды тиімді қолдану арқылы ауыл балаларының білім деңгейін, әлеуетін жаңа деңгейге көтеру болып табылады. Аймақ педагогтарының басын қосқан жиынның өтуіне Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мен «Ауыл» партиясы ұйытқы болды.

Семинардың пленарлық отырысында «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы негізінде құндылыққа бағытталған білім беру тәсілдері, «Qazaq Digital Mektebi» жобасының маңызы және цифрлық технологиялардың ауыл мектебі әлеуетін арттырудағы рөлі туралы жан жақты талқыланды. Сонымен қатар, білім саласындағы өзекті мәселелер ашық айтылды. Спикерлердің сөзінше, елімізде әлі күнге дейін біріктірілген сыныптары бар мектептер бар. Яғни, бірнеше кластың оқушысы бір сыныпта отырып, бір мұғалімнен дәріс алады.

Жиында мұнан бөлек, балалардың әлеуметтік желі мен компьютерлік ойындарға тәуелділіктің алдын алу, киберқауіпсіздік мәдениеті, жасанды интеллект мүмкіндіктерін сабақ үдерісіне тиімді енгізу мәселесі қаралды.