Бүгін Қызылордада Кеңес Дүйсекеевтің 80 жылдығына арналған еске алу кеші ұйымдастырылды. Жергілікті өнерпаздар мен қазақ эстрадасының жарық жұлдыздарының концертін Сыр жұртшылығымен қоса, Еуроодақ елшілері тамашалады.

Кеңес Дүйсекеев тыңдарманның жүрегіне мазмұнды ән ұялатқан қайталанбас талант иесі. Саз әлемінің сардары жарық дүниеден көшкеніне 6 жылға таяды. Сыр перзенті арамызда болғанда биыл 80 жасқа толар еді. Десе де оның өнер өмірі енді басталғандай. Облыс орталығында өткен рухани кеш осының дәлелі.

Кеңес Дүйсекеев көзі тірісінде талай таланттың томағасын сыпырып, жалынды жастардан қолдауын аямады. Бүгінде солардың көбі қазақ өнерінің жарық жұлдызына айналды. Асыл азаматтың шарапатын көрген өнер иелері Сыр өңіріне арнайы ат басын бұрып отыр. Халық әртісі Роза Рымбаева бастаған әншілер Кеңес Дүйсекеұлының туындыларын жанды дауыста орындап, жұртшылықты рухани әсерге бөледі.

Кеңес Дүйсекеев музыка өнеріне тазалық әкелген тұлға. Ол «Отырып жаза саламын, жоқ жерден қаза саламын» деп өзін де, өзгені де алдамады. Әр шығармасы терең тебіреністен туған. Осылайша асыл азамат өлшеулі өмірінде 200-ден астам ән жазып, қазақ өнерінде айқын қолтаңбасын қалдырып кетті. Өнер тілге, түрге бөлінбейді. Мизам музыка баршаға ортақ. Елжіреген еуроодақ елшілерін көріп, бұл пайымның ақиқат екенін ұғына түстік.

АНДРЕ БАХЕР – АВСТРИЯ РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЕЛШІСІ

//Іскерлік кездесулерден бой жазып, бүгін бір ерекше әсерге бөлендік. Жанды дауыста шырқалған ән жаныңды жадыратады. Оның үстіне оркестрдің сүйемелдеуі тіпті әсерлі болды. Кеңес Дүйсекеевтің әндері керемет екен. Әр музыканың мазмұнын сөзсіз түсіндім//

Қайталанбас туынды жазып жүректерге жол таба білудің машақаты мол. Кеңес Дүйсекеев осы соқтықпалы-соқпақты жолды таңдап, өзі де жүрегіне жүк салып алғандай. Өмірінің соңғы жылдарында сол жұдырықтай етке қонған кеселмен арпалысты. Сыр перзентінің кеудедегі сыртылдақ сағаты тоқтағанымен, өнегелі өнері өміршең!