Байқоңырдағы жылу электр орталығы табиғи газға көшіріліп жатыр. Бұл өз кезегінде жылу энергиясына төленетін тарифтердің өсуін тежейді. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілі Қайрат Нұртай баспасөз брифингінде баяндады.

Сондай-ақ, жұлдызды қалашықта облыс әкімдігімен «Байқоңыр қаласын сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін қайта жаңғырту» жобасы іске асырылуда. Жоба аясында 94,6 км су құбыры және 84,6 км кәріз желілерін ауыстыру жоспарланып отыр. Мұнан бөлек, Үкімет басшысының тапсырмасына сәйкес, Туризм және спорт министрілігімен бірлесіп «Байқоңыр» кешенінде туризмді дамытудың 2029 жылға дейінгі тұжырымдамасы бекітілді. Бүгінде Қазақстан-Ресей үкіметаралық комиссияның шешімімен туристік қызметті жүзеге асыратын ұйымдар айқындалды. Қазіргі уақытта ғарыш айлағының бірқатар тарихи нысандары жалдан шығарылып, жаңа туристік маршурттар ашылды. Баспасөз брифингінде облыс әкімінің орынбасары мұнан бөлек, спорт, денсаулық, білім салаларында атқарылған жұмыстарды атап өтіп, тұрғындардың әлеуметтік жағдайын баяндады.

ҚАЙРАТ НҰРТАЙ – ҚР ПРЕЗИДЕНТІНІҢ «БАЙҚОҢЫР» КЕШЕНІНДЕГІ АРНАУЛЫ ӨКІЛІ, ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ

//Мемлекет басшысы Тоқаев Қасым-Жомарт Кемелұлының ерекше қолдауымен Байқоңыр қаласының және оған іргелес орналасқан Төретам мен Ақай елді мекендерінің әлеуметтік-экономикалық дамуына айрықша мән берілуде. Байқоңыр қаласының тыныс-тіршілігінің тұрақтылығын қамтамасыз ету және тұрғындардың әл-ауқатын арттыру мақсатында Байқоңыр қаласын дамытудың ұзақ мерзімді бағдарламасы іске асырылуда.//