Бүгін – Дүниежүзілік денсаулық күні. Осыған орай облыс орталығында «Денсаулыққа бірге. Ғылыммен бірге» атты іс-шара болды. Ақхалатты абзал жандар тұрғындарды қабылдап, дәрігерлік кеңесін берді.
Орталық алаңға жиналған медицина қызметкерлері шараны таңғы жаттығудан бастады. Мұнан соң, бұқаралық спортта белсенділік танытып жүрген емхана ұжымдары марапатталды.
Атаулы күнге орай орталық алаңда денсаулық бұрышы ұйымдастырылды. Қала емханаларының дәрігерлері тұрғындарға тегін қызмет көрсетіп, қан құрамындағы қант мөлшерін тексерді. Мамандар дұрыс тамақтану мен салауатты өмір салты туралы кеңес берді. Ал, облыстық қан орталығының қызметкерлері тұрғындарды донор болуға шақырды.
Бүгін облыс бойынша барлық медициналық мекемеде ашық есік күні өтті. Ал, шаһардағы №6 қалалық емханада тұрғындарға жылжымалы медициналық кешен қызмет көрсетті. Тексерістен өтуге келген азаматтар медициналық сақтандыру төлемінсіз-ақ, көпфункционалды кешеннің көмегіне жүгінді.
Денсаулық – жеке адамның ғана байлығы емес, елдің дамуына, ұлттың сапасына, қоғамның тұрақтылығына тікелей әсер ететін басты көрсеткіштердің бірі. Сондықтан Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бұл бастаманы бір күндік үндеу ретінде ғана емес, жыл бойына жалғасатын кең ауқымды науқан ретінде ұсынып отыр.