#qyzylordatv
Ел ырысын еселеймін деп, тыным таппайтын диқандар үшін қазіргі маусым өте маңызды. Себебі ерте көктемде-ақ шаруаларға суды үнемдеу тапсырылған болатын. Аграрлық саланың жайы қалай болып жатыр? Су жеткілікті ме, мамандар не дейді? Толығырақ келесі бейнесюжетте.
АЙДАНА ЖҰМАДИНОВА – ТІЛШІ
Біз Сырдария ауданы, Сәкен Сейфуллин ауылының маңындағы «Құндыз-жер» серіктестінінің егіс алқабына келдік. Мұндағы 443 гектар алқапқа түгелдей күріш егілген. Дақылды суға бастыру 24 сәуірде басталды. Шаруалардың айтуынша биыл судан тапшылық жоқ, егінге су жеткілікті. Айта кетейік, мұндағы жердің 80 процентке жуығы лазерлік тегістеуден өткен. Суды үнемдеп пайдалануға мұның да әсері зор.
Шаруашылық былтыр 500 гектарға күріш ексе, биыл суды үнемдеу мақсатында 70 гектарын қысқартқан. Сондай-ақ, егіншілер ақ егіске ауысуда. Қазір шаруашылықта жоңышқа мен бидай да өсіріледі.
БӨЛЕГЕН РАХМЕТ – «ҚҰНДЫЗ-ЖЕР» ЖШС БАС ДИРЕКТОРЫ
Былтырғыға қарағанда су жақсы, жеткілікті мөлшерде ағып жатыр. Былтыр Сырдарияның өзі бөлініп-бөлініп қалған тұғын. Ал қазіргі кезде Сырдарияның өзі Аралға ағып жатыр. Демек су бар. Былтырдан бастап Су министрлігі құрылды. Соған байланысты шағр, судың мәселесі былтырдан бері шешілді деп ойлаймын. Судан тапшылық көріп жатқан жоқпыз, шүкір.
Бүгінде егіннің шығымы ойдағыдай. Шаруалар дақылды шашпай-төкпей тамыздың соңына таман ору маусымын бастасақ деп отыр. Ал «Мағжан и К» серіктестігі Қызылорда қаласының аумағындағы 385 гектар жерге күріш ексе, 60 гектарға бидай, 269 гектарға жоңышқа орналастырған. Айта кетейік, біз көрген бұл алқапқа күріштің «Лидер» сорты егілген. Шаруашылықпен танысу барысында агроном былтырғыдай емес, биыл судан тапшылық жоқ екенін атап өтті.
ЕРЖАН НАТИШАЕВ – «МАҒЖАН И К» ЖШС АГРОНОМЫ
Биылғы жыл су жақсы болды. Күрішті суға басу кезеңінде «Қазсушар» мекемесінің қызметкерлері суды ретімен, өз мөлшерімен берді. Биыл былтырғыдай тапшылық көріп отырғанымыз жоқ. 2025 жылы облыс бойынша кезектестіріп су қою болған. Биыл ондай болып жатқан жоқ. Жыл басынан бері есептлеген, мөлшерді су келіп жатыр және жеткілікті болып тұр.
Шаруашылық су үнемдеу үшін жерді тегістеу құрылғыларын қолдануда. Атап айтсақ, мұнда лазерлік, Gps-ті скреперлі тегістеу пайдаланылуда. Ғалымдардың айтуынша, жерді бұлай тегістеу арқылы су көлемін 25-30 пайызға дейін үнемдеуге болады.
Ал жалпы облыс бойынша егін даласына қанша көлемдегі су жіберілуі қажет?
НАЖМАДИН ШАМҰРАТОВ – «ҚАЗСУШАР» ШЖҚ РМК ҚЫЗЫЛОРДА ФИЛИАЛЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ
Ағымдағы жылы су науқанына сәйкес «Арал-Сырдария» бассейндік инспекциясымен 3.2 млрд судың көлемінде Қызылорда облысында осы лимит бекітілді. Осыған байланысты Қазсушар филиалы қандай шара атқарды дейтін болсақ, облыс бойынша белгіленген барлық дақыл түрлері 185,8. Осы үлкен көлем болса соның ішіндегі 70 мың гектар күріш дақылы болып келеді. Былтыр су тапшылығы болды. Осы қателіктерді қайталамас үшін Су ирригация министрлігі басшылығымен су науқанын өз деңгейінде беру, жауапкершілік деңгейінде атқару талап күшейте қойылды.Соның пайдасы биыл су тапшылығы сезіліп тұрған жоқ.
«Бір түйір дәнде бір тамшы тер бар». «Егін даласына суды жауапкершілікпен жеткізу біздің үлкен міндетіміз» дейді сала басшысы. Сондай-ақ, қара нарықты болдырмау, артық жерге егін екпеу, белгіленген келісімшарттағы күріш көлемін ғана егу мәселесіне байланысты түсіндірме жұмыстары жүйелі жүргізілгенін атап өтіп, алдағы уақытта да нақты есепке сай шаруашылықтарға суды жеткізіп беруге дайын екенін жеткізді.