#qyzylordatv 

Қазалы ауданындағы Жанқожа батыр, Бекарыстан би, Майдакөл және Түктібаев елді мекендеріне газ құбыры тартылып жатыр. Аталған төрт ауылдың тұрғындары қазан айында көгілдір отынның игілігін көрмек. Сондай-ақ, тағы 6 ауылды газдандыру бойынша жоба-сметалық құжаттары әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды.Ал , «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Құмжиек пен Қарашеңгел ауылдарының электр желілері қайта жаңғыртудан өтеді. Бұл туралы аудан әкімі Алмасбек Есмаханов журналистерге арналған баспасөз брифингінде баяндап, басқа да жаңалықтарымен бөлісті.


 Алмасбек Есмаханов алдымен ауданның даму динамикасына тоқталды. Айтуынша, жыл басынан бері барлық макроэкономикалық көрсеткіштер жақсарған. Соның ішінде, кәсіпкерлік саласы қарқынды дамып келеді. Мәселен, биыл 3 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда.


 АЛМАСБЕК ЕСМАХАНОВ – ҚАЗАЛЫ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ 

Оның ішінде ерекше атап өтетін «Тауарлы балық өсіру тоғанының құрылысы» жобасы. 2025 жылы Басықара ауылынан «Арал рыбторг» ЖШС 650 млн. теңгеге көлемі 464 гектар жерді құрайтын балық тоғаны шаруашылығын бастаған болатын. Қазіргі уақытта, шаруашылықтың жоспарына сәйкес, 2026 жылдың күз айларында 500 тоннаға жуық тауарлы балық өндіріп, оны халықтың игілігіне жарату көзделуде.


Ал Жанқожа батыр, Бекарыстан би, Майдакөл және Түктібаев елді мекендеріне газ құбыры тартылып жатыр. Сонымен қатар, Майлыбас пен Ақсуат ауылына автоматтандырылған газ тарату стансасын салуға және Ақсуат пен Байқожа елді мекендеріне орамішілік газ желілерін жүргізу бойынша тиісті құжаттар әзірленген.

Ауданда тозығы жеткен электр желілерін қайта жаңғырту жұмыстары да қарқынды. Жақын күндері «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында Құмжиек пен Қарашеңгел ауылдарының электр желілерін жаңғырту жұмыстары басталмақ.


 АЛМАСБЕК ЕСМАХАНОВ – ҚАЗАЛЫ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ Құмжиек және Қарашеңгел ауылдарының электр желілерін 100 пайыз толық жаңғыртатын боламыз. Жоба құны 910 млн теңге. Электр желілерінің тозу деңгейі 2025 жылы 67 пайызға төмендесе, 2026 жылдың соңына дейін 59,9 пайызға төмендеу жоспарлануда. «Ауыл-Ел бесігі» жобасы аясында Қазалы қаласы мен Әйтеке би кентінің аралығында орналасқан нысандар мен тұрғын үйлердің электр энергиясының тұтыну қуаттылығын арттыру мақсатында 2025 жылға қосалқы стансасының құрылысын бастауға республикалық бюджеттен 378,2 млн. теңге қаржы бөлініп, жұмыстар жүргізілуде.


 «Қазалы-Қожабақы-Бозкөл-Кәукей» автомобиль жолының 16-шы шақырымында орналасқан Қарлаң көпірінің құрылысы да жыл аяғына дейін аяқталып, ел игілігіне табысталмақ. Қазір көпірдің 5 тірегі толық бітіп, үшеуінде жұмыстар жүріп жатыр. 


 АЛМАСБЕК ЕСМАХАНОВ – ҚАЗАЛЫ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ 

Бір жетіде басына барып, құрылысын жұмыстарын көріп жүрміз. Басында жауапты маманнан кестелерін сұрадық. Амандық болса желтоқсан айында бітіруге жұмыстарын жасап жатыр. Қаржысы шешілген. Ешқандай қаржыдан мәселе жоқ. Жалақыларын алып жатыр. Басында 80-ге жуық адам жұмыс жасап жатыр. Бұл көпірдің ерекшелігі толықтай бетон құйылады. Көп халықтың көкейінде жүрген мәселе ғой. Арғы бетте 7 ауылдық округ пен 8 елді мекен бар. 10 мыңдай халық тұрады ғой. Күтіп отыр. Бұйырса толық аяқтап, пайдалануға береміз.


 Аудан әкімі жол-көлік инфрақұрылымын жақсарту бағытында да ауқымды жұмыстар барын айтты. Және бір жаңалық – жақын күндері аудан орталығында 200 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы басталады.