#qyzylordatv
Ұлттық домбыра күніне орай Президент паркінде «Домбыра – халық мұрасы» атты ауқымды мәдени шара ұйымдастырылды. Қазақтың қасиетті қара домбырасы ұлықталған кеште жүз оқушы бір мезетте түрлі күйлерді орындаса, облыстық тарихи-өлкетану музейі келушілерге танымал күйшілерге тиесілі бірегей музыкалық аспаптарды таныстырды. Сондай-ақ, ағаш шеберлері көпшілікке домбыра жасаудың қыр-сырын үйретіп, ұлттық аспаптың шығу тарихы мен өзіндік ерекшеліктерін айтып берді.
Жаңақорған ауданы, Қосүйеңкі ауылының тұрғыны Оспанхан Мұсаев жергілікті ағаштардан эксклюзивті музыкалық аспап әзірлейді. Он саусағынан өнер тамған ағаш шебері домбыра жасау үшін аса ыждағаттылық пен төзім, істеген ісіңе сүйіспеншілік қажет, дейді. Ұсталықпен айналысқан 20 жыл ішінде талай сахнаның сәніне айналған өнер иелеріне домбыра дайындаған шебер қазір шәкірт тәрбиелеп, мол тәжірибесімен бөлісіп жүр.
Мерекелік бағдарлама аясында облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорында сақталған 50-ге жуық музыкалық аспап көрмеге қойылды. Экспонаттар арасында қазақтың халық ақыны Жамбыл Жабаевтың Нартай Бекежановқа сыйға берген домбырасынан бастап белгілі күйшілер ұстаған ұлттық аспаптар бар.
Қазақтың қасиетті қара домбырасы ұлықталған кеште жүз оқушы бір мезетте түрлі күйлерді орындады.
Домбыра – ұлы даланың ұлы тарихын өн бойына сыйдырған аспап. Қос ішекте құдірет бар. Қилы кезеңде ел рухын қайрап, айбынын асырған да осы аспап. Салтанатты шарада сөз алған облыс әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналинов жиылған жұртты ұлттық домбыра күнімен құттықтап, мерекенің маңызына тоқталды.
Мұнан кейін, Тұрмағамбет атындағы халық аспаптар оркестрі, облыстық филармония әншілері мен «Сыр толқыны» үшінші республикалық күйшілер конкурсына қатысқан өнерпаздар және жетекші шығармашылық ұжымдар мен дәстүрлі орындаушылар тыңдарманды ерекше әсерге бөледі.
Сыр өңірінің мәдениетінде күйшілік дәстүрдің тарихы тереңге бойлап, асыл өнеріміз күні бүгінге дейін өз жалғасын тауып келе жатыр. Бүгінде облыстағы мәдениет үйлері мен клубтарда 100-ден аса жыр-терме, домбыра үйірмесі бар. Онда 1000-нан астам жеткіншек дәстүрлі өнерге тәрбиеленіп келеді.