#qyzylordatv
Қызылордада домбыра күніне орай «Сыр толқыны» атты республикалық күйшілер байқауы өтті. Ұлттық аспап пен төл өнерімізді дәріптеуге бағытталған конкурс биыл үшінші мәрте ұйымдастырылып отыр.
Ұлттық домбыра күніне арналған өнер додасына Астана, Атырау, Шымкент, Түркістан қалалары мен Қызылорда облысынан барлығы 11 өнерпаз қатысты.
МЕЙРАМБЕК ШЕРМАҒАНБЕТ, ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ Мемлекет басшысымыз Қасым-Жомарт Кемелұлы жақында ғана мынау қос парламенттің үлкен отырысында айтқан болатын осы ұлттық домбыраның мәніне, мағынасына оның деңгейін жоғарылатып үлкен мән берді. Ұлттық біздің домбырамыз қазақ ұлтын әлемге паш ететін брендке айналуы тиіс деп айтты. Міне, осының өзі осы домбырамыздың біздің үлкен деңгейге шығарып отыр және де мазмұнын жоғарылатып отыр деп айтуымызға болады. Бұл Сыр елі, жыр елі атанған Қызылорда да өтуі заңдылық деп айтуға болады.Сондықтан бүгінгі республикалық конкурстың өтуімен барлықтарыңызды құттықтаймыз.
Ұлттық өнерді ұлықтап жүрген талантты жастар екі кезең бойынша сайысқа түсті. Күйшілер І кезеңде Асан Көнектің «Ілме», Шал Мырзаның «Бұғының күйі», Жалдыбайдың «Қара жорғасын», сондай-ақ Әлшекейдің күйлерін нақышына келтіре орындады. Ал шешуші ІІ кезеңде қатысушылар Қазанғаптың, Құрақтың Досжанының, Ахмедияров сынды дарабоздардың күйлерін шеберлікпен орындап, өздерінің жоғары дайындықтары мен домбыра құлағында ойнайтын қабілеттерін дәлелдеп шықты.Байқауға белгілі өнер зерттеушілері мен тәжірибелі күйшілерден құралған қазылар алқасы төрелік етті.
БАҚЫТЖАН ДҮЙСЕНҒАЗИЕВ, ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ҚАЙРАТКЕРІ, ҚАЗЫЛАР АЛҚАСЫНЫҢ МҮШЕСІ
Біздің сырдың бойынан осы кенже қалып жатқан күй дәстүрі. Осының ішінде анау Шалмырза Тоқтабалатбаласы, Әлшекей Бектібайұлы, Жалдыбай Елеукеев, Құрақтың Досжаны деген күйшілер өткен ғасырда осы 20 ғасырда өткен Қаппар Жармағамбетов, Нәби Жәлімбетов, Қобылас Жаймұратов, Зайыр Рахатов, Исламбек Ысқақов сынды енді сол күйшілердің мұрасын кейінгі ұрпаққа жалғастыру мақсатында ұйымдастырылып отырған байқау әрі қарай жалғасын тапсын.
ЕРКІН НҰРЫМБЕТОВ, ҚАЗЫЛАР АЛҚАСЫНЫҢ МҮШЕСІ
Сыр өңірінің күйшілік дәстүрі бұл енді басқа күйшілік мектептерге қарағанда қайталанбайтын өрнектері бар. Сыр өңірінде тек қана жыршылар дегенмен, сонымен қатар күйшілік мектеп қатар дамыған. Сондықтанда келешек ұрпаққа сыр өңірінің күйлерін насихаттауда қызмет жасауымыз керек. Болашақта үлкен сахна шеберлерін көреміз деген үміттеміз.
Иә, қос шектің үнімен ұлтымыздың мұңы мен шерін, қуанышы мен шаттығын, тарихы мен тағдырын бүгінгі күнге түгелдей жеткізген күй өнерінің өміршеңдігі мен өзектілігіне қайран қаласыз. Ал бұл байқау Сыр бойының күйшілік мектебі мен дәстүрлі музыкалық мұрасын жаңғыртып, жас орындаушылардың шығармашылық өсуіне үлкен серпін берді.
НАРТАЙ НҰРМАҒАНБЕТОВ, КҮЙШІ
Жалпы домбыра саласында жүргеніме мен 12 жасымнан бастадым әжем осы домбыраға алып келді, әжеме мың да бір алғыс. Ал конкурсқа келетін болсақ өз деңгейінде, домбыра күнімен барша қазақ халқын құттықтаймын. Мен үшінші рет қатысып жатырмын біріншісінде де, екіншісінде де ұшып кеткен болатынмын, яғни сен тұр мен атайын деген домбырашылар жиналған конкурс.
Дәстүрлі Байқаудың ең жоғары марапатын Астана қаласынан келген күйші Сүйеуғали Қайнар қанжығасына байлады. Конкурс қорытындысында үздік өнерпаздар арнайы дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.