#qyzylordatv
Облыс әкімі Қызылордада бой көтеріп жатқан әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандардағы құрылыс барысын көрді.
Аймақ басшысы алдымен «Қызылорда Арена» көпфункционалды спорт кешеніне барды. 50 метрлік жүзу бассейні, 2500 орындық әмбебап спорт залы және 300 орындық конференц-залы бар кешенде халықаралық деңгейдегі спорттық жарыстарды өткізуге болады.
Ал Титовта салынып жатқан №5 қалалық емхана бір ауысымда 400 келушіні қабылдауға арналған. Қазір мұнда ішкі инженерлік желілер тартылып жатыр.
Сырдария өзенінің сол жағалауында да емхана бой көтеруде. Көпсалалы медициналық орталықта амбулаториялық-емханалық, диагностикалық және күндізгі стационарлық қызметтер көрсетілмек. Мұнда жалпы және акушерлік-гинекологиялық тіркеу, педиатрия, мамандандырылған және шұғыл медициналық көмек, профилактика және мектеп медицинасы бөлімдері болады. Сондай-ақ, 50 төсектік күндізгі стационар, орталық стерилизация бөлімі, дәрілік қамтамасыз ету қызметі, оқу кабинеттері, 50 орындық аудитория және 200 орындық конференц-зал қарастырылған.
Сол жағалауда салынып жатқан тағы бір маңызды нысан – 300 төсектік көпбейінді аурухана. Бір ауысымда 100 адамды қабылдайтын емханасы бар медициналық кешен 10 блоктан тұрады. Онда емхана, пансионат, операциялық, реанимация, химиотерапия және радиотерапия бөлімдері, физиотерапия, қабылдау және әкімшілік блоктары орналасады.
Жанқожа батыр көшесі арқылы өтетін теміржол өткелінің құрылысы да қарқынды. Жоба аясында екі жолақты өткел, көпір, тіреу қабырғалары, жаяу жүргіншілер жолы және жол жабыны салынады. Бүгінде айналма теміржол желілері төселіп, электр, байланыс, сыртқы жарықтандыру және ауыз су инженерлік желілерін көшіру жұмыстары аяқталған.