#qyzylordatv
Арал ауданында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің арасында футболдан облыстық турнир өтті. Аймақ журналистері аудан әкімінің кубогын сарапқа салды. Ерекшелігі сол, бұл жолы қаламгерлер жағажай футболында бақ сынады. Тартысқа толы додаға 5 команда қатысып, өзара үздіктерді анықтады.
«Қамбаш» көлінің жағалауындағы ала доп бәсекесі бұрынғыдан өзгерек болды. Себебі, аймақ журналистерінің жарысына мемлекеттік қызметшілер де қатысып, шеберлік байқасты.
Турнир айналмалы жүйе бойынша өрбіді. Алғашқы ойында «Қызылорда» телеарнасының ұжымы «Қаламгер» командасын 4-1 есебімен ойсырата жеңді. Ал, өңір жаңалықтарын республикаға жариялап жүрген «Меншікті тілшілер» командасы алаң иелері «Толқынмен» тең түсті.
Қызықты әрі тартысты ойында «Сыр медиа» ұжымы барлық қарсыласына есе жіберді. Ал, «Толқын» командасы шешуші матчта облыстық телеарнаның жігіттеріне жол беріп, қола жүлдені місе тұтты. «Қызылорда» телеарнасының ұжымы күміс жүлдені қанжығалады. Әдемі ойын-өрнегін көрсеткен «Меншікті тілшілер» жеңіс тұғырынан көрінді. Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлерін аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев марапаттап, қаржылай сыйақылар мен алғыс хаттар табыстады.
Сондай-ақ, ала доп бәсекесінің қорытындысымен үздік деп танылған аяқдопшылар арнайы номинацияларға ие болды. Спорттық шара достық пен ұйымшылдықтың, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері арасындағы ынтымақтастықтың жарқын көрінісіне айналып, қатысушыларға ерекше әсер мен көтеріңкі көңіл күй сыйлады.