#qyzylordatv
Жалағаштан Қызылордаға жаяу жүгіріп шыққан әуесқой спортшы Ақдәулет Абат 85 шақырымды бағындырып, желаяқ атанды. Ол бұл аралықты 10 сағат 12 минутта жүгіріп келді.
ДӘУЛЕТ САҒИТ – ТІЛШІ
Міне, жалағаштық желаяқ қаланың кіреберіс қақпасынан өтіп, мәреге қарай жүгіріп барады. Біз бұған дейін Ақдәулет Нұржанұлының таңғы сағат төртте 85 шақырымды құрайтын ультрамарафонды жүгіріп бастағанын айтқан болатынбыз. Мәреге дейін аздаған шақырым қалды. Айта кетейік, бұл оның ұзақ қашықтыққа шыққан алғашқы марафоны.
Ақдәулет Абат небәрі 29 жаста. Жалағаш аудандық жедел жәрдем бөлімшесінде фельдшер болып жұмыс істейді. Айтуынша, ол бұған дейін фастфуд пен газдалған сусынды жиі тұтынған. Ал өзін-өзі қолға алғалы артық салмақтан арылып, спортпен тұрақты түрде шұғылданып келеді. Міне, соның нәтижесі. 10 сағат 12 минутта Жалағаштан Қызылордаға жүгіріп келді.
ДӘУЛЕТ САҒИТ – ТІЛШІ
29 жастағы желаяқ мәрегеде келіп жетті. Айта кетейік, Ақдәулет Нұржанұлы таңғы сағат төртте Жалағаш ауданының шыға беріс қақпасынан бастап 85 километрді бағындыру керек болатын. Өз дегеніне жетті. Қызылордалықтар қошеметпен күтіп алуда.
Әуесқой спортшы Тереңөзек кенті маңында аяғынан жарақат алғанына қарамастан, марафонды тоқтатпады.
АҚДӘУЛЕТ АБАТ – ӘУЕСҚОЙ СПОРТШЫ
Бір ай бұрын өзім басқаша адам тұғынмын. Қазір мүлдем басқамын. Бір ай бұрын 94 келі болдым. Қазір 78 келімін. 16 келі тастадым. Жедел жәрдемде жұмыс жасағаннан кейін түрлі шақыртуларға барамыз сол уақыттарда менде ентігулер көп болды. Сол себепті өзімнің формамды жинау мақсатында және жастарға үлгі болу үшін, спортты насихаттау мақсатында тұрақтылықты көрсету үшін осындай шешім қабылдадым. Жүгіруде аяқта травмалар көп болды. Тереңөзекте травма болды. Жедел жәрдем шақырдық. Алқашқы көмек көрсетті. Одан кейін тоқтау болған жоқ.
Айта кету керек, Ақдәулет қазіргі таңда қызылордалық әуесқой спортшылардың арасында танымал «Берік тұлға» челленжіне қатысушы. Тұрақтылық пен тәртіп оның батыл шешім қабылдауына сеп болған.
АҚДӘУЛЕТ АБАТ – ӘУЕСҚОЙ СПОРТШЫ
Алдағы уақытта Жалағаштан Алматыға велосипедпен баруды меңзеп отырмын. Қазіргі таңда спортты насихаттап жүрген жастар аз. Өзінің формасы өзінің жасына сай емес. Көбісі фасфуд, тәтті құмар, салауатты өмір салтын ұстау және тқрақты тамақтану жоқ. Соларға мүмкіндік бар екеніне мәселе мотивацияда емес, дисциплинада екенін көрсеткім келді. 85 км 6-да 48 темп. 10 сағат 12 минут.
Осылайша бір күнде желаяқ атанған жігіт өз жеңісін үш жастағы Айсезім атты қызына арнады. Үлгілі әке болу – үлкен жауапкершілік дейді кейіпкеріміз.