#qyzylordatv
1 шілдеден бастап, жаңа Конституцияға сәйкес, мемлекеттік басқару жүйесін түбегейлі жаңғырту жұмысы ресми түрде бастау алды. Бұл кезекті әкімшілік реформа емес. Еліміз үшін мүлде жаңа тарихи кезең басталады, яғни мақсаты да, мағынасы да мүлде бөлек, бұрын-соңды болмаған өзгерістер іске асады деген сөз. Бүгін облыстық мәслихат сессиясында сөз алған облыс әкімі Ата Заң аясындағы жаңа міндеттерге тоқталды. Сонымен қатар, облыс бюджетінің атқарылуы туралы есеп берді.
Жаңа Конституцияға сәйкес, елдік мүдде жолындағы жаңа әрі маңызды кезең басталғалы тұр, - деді облыс әкімі депутаттық корпус алдында. Ата Заңның жаңа редакциясындағы нормалар ең алдымен халықтың әл-ауқатын арттырып, қауіпсіздігін қамтамасыз ету, азаматтардың тұрмыс сапасын жақсартуды көздейтінін тілге тиек етті
Басқосуда бірқатар азаматқа Мемлекет басшысының жаңа Конституцияның күшіне енуіне орай жолдаған Құттықтау хаты мен Ата заңның арнайы басылымы табыс етілді
Облыстық мәслихаттың кезекті 34-сессиясында 10 негізі мәселе қаралды.Облыс бюджеті қандай ауқымды тірліктерді бітіруге бағытталғанын, макроэкономикалық көрсеткіштердің қаншалықты орындалғанын осы сессияда облыс әкімі жіліктеп айтып берді. Ол жағын бюджет бекітуге ұйытқы болып жүрген депутаттар корпусы жақсы біледі.
2026 жылға арналған облыстық бюджет кірісі 605 305 930 мыңның үстінде бекітілді, шығын 602 млрдтың үстінде, салық түсімдері 41 млрдтың үстінде болжанып отыр, салықтық емес түсімдер 5 жарым млрдтан асады. Депутаттар тарапынан көтерілген мәселелер қағаз жүзінде қалып қоймай, шешімін тауып жатқаны, бюджет халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталып жатқаны, инфрақұрылым, басқа да сала бойынша көңіл демдер деректер, нақты нәтижелер болып жатқаны туралы жарыссөзде айтылды
Қаржы бөлінісіне қатысты тұрақты комиссия отырысында кеңінен талқыға салынып, негіздеме жасалғандықтан сессияда әрбір бағыт бойынша жеке тоқталмай, қысқа-нұсқа тұрпатта пысықталды. Негізі күн тәртібіне 10 мәселе шығарылған-ды. Оның алғашқы үшеуі бюджеттің атқарылуына қатысты болса, қалғаны ветеринария саласы, қоғамдық даму, спорт, экомәдениет, ведомствоаралық комиссия жұмыстарына қатысты болды.