#qyzylordatv
ЮНЕСКО сарапшылары «Арал геопаркінде» бағалау жұмыстарын бастады. Оның қорытындысы бойынша «Арал геопаркін» ЮНЕСКО-ның Жаһандық геопарктер желісіне енгізуге қатысты кәсіби қорытынды ұсынылады. Осы орайда облыс әкімі Мұрат Ергешбаев халықаралық сарапшылар Жозе Брилья мен Сома Саедиюнесимен кездесті.
Геопарк құру – облыстың ұзақ мерзімді стратегиялық даму бағыттарының бірі. Бұл жоба геологиялық мұраны сақтаумен қатар, ғылымды, туризм мен кәсіпкерлікті дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және халықтың әл-ауқатын арттыруға мүмкіндік береді. Бүгінде ЮНЕСКО-ның Жаһандық геопарктер желісі әлемнің 51 еліндегі 241 геопаркті біріктіреді. Оған қосылу үшін әлем бойынша 14 өтінім қаралуда, яғни бұл мәртебеге ие болуда халықаралық бәсекелестік жоғары.
Талаптарға сәйкес «Арал геопаркі» аумағында дайындық жұмыстары жүргізіліп, төрт туристік-танымдық маршрут әзірленді. Оң шешім қабылданса, «Арал геопаркі» Қазақстандағы халықаралық деңгейде мойындалған алғашқы жаһандық геопарк мәртебесіне ие болады. Бұл Арал өңірінің туристік тартымдылығын арттырудың, ғылыми зерттеулерді кеңейтудің және жергілікті халықтың тұрмыс сапасын жақсартудың жаңа мүмкіндіктеріне жол ашпақ.