#qyzylordatv #тазақазақстан
Өңірде заңсыз қоқыс алаңдары азаймай тұр. Мәселен, биыл ғарыштық мониторинг нәтижесімен бей-берекет қоқыс тасталған 50 орын анықталып, жойылған. Сондай-ақ, қоршаған ортаны қорғау бойынша ұйымдастырылған рейдтің нәтижесінде экологиялық заңнама талаптарын бұзудың 83 дерегі тіркелген.
Соның ішінде заңсыз карьерлерді анықтау бойынша мониторинг жұмыстары кезінде пайдалы қазбаларды заңсыз өндірудің 6 дерегі анықталып отыр. «Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасы аясында «Таза ауа» науқаны да жалғасын тауып келеді. Автокөліктерден шығатын зиянды заттардың артық мөлшерін анықтау мақсатында жүргізілген іс-шара нәтижесінде экологиялық талапқа сәйкес келмейтін 44 көлік жүргізушісіне әкімшілік хаттама толтырды.
АЛМАС ЫСҚАҚОВ – ОБЛЫСТЫҚ ЭКОЛОГИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Бақылау шараларының нәтижелерімен 83 экологиялық заңнама талаптарын бұзу фактілері анықталып, кемшіліктерді жою үшін 83 нұсқама берілді. Анықталған заң бұзушылықтар бойынша әкімшілік құқық бұзушылық жөнінде істер қозғалып, жеке және заңды тұлғаларға 71 айыппұл салынып, қазіргі таңда оның 60 әкімшілік айыппұлы өндірілді. Департаментпен экологиялық міндетті есеп тапсыратын субъектілерге талдау жүргізіліп, нәтижесімен өндірістік экологиялық бақылау есебін тапсырмаған 17 табиғат пайдаланушыға әкімшілік айыппұл салынды.