#qyzylordatv
Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы су саласындағы ынтымақтастықтың маңызы жылдан-жылға артып келеді. Бүгін облыс орталығында екі елдің су мамандары бас қосты. Былтыр қос мемлекеттің су жүйесіне қатысты пилоттық жоба басталған болатын. Бүгінде ғалымдар Сырдария өзенінің бойындағы климатты зерттеп, топырақ, жер асты сулары және ауылшаруашылық жерлерінің жағдайы туралы деректерді жинақтауда. Жиында мамандар осы кезге дейін атқарылған зерттеу жұмыстарын талқыға салды.
Әлем жұртшылығының назарын аударған Арал теңізінің ахуалы қай кезде де маңызды. Семинарда ең алдымен айданды Аралдың қазіргі жағдайы туралы сөз қозғалды. Кіші Арал теңізі пайда болғалы, көлдер жүйесін қалпына келтіру жұмыстары жүзеге асып, соның нәтижесінде балық шаруашылығы қайта жанданып, экологиялық-әлеуметтік жағдай біршама тұрақталды. Бұрын көшіп кеткен ел теңіз жағасына оралды. Дегенмен қауіп сейілген жоқ дейді сала маманы.
СЕРІКБАЙ ӨМІРЗАҚОВ – ТЕХНИКА ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ
Сондықтан бүкіл бассейндегі елдер Арал теңізін құтқару бағытында немесе соның тұрақты жағдайын сақтау бағытында үлкен жұмыстар атқарып жатыр. Өздеріңізге белгілі бүгінде САРАТС 2 жобасы аясында бірдеңгейлі Көкарал бөгетінің 44 метр биіктікте салыну нұсқасының техникалық негіздемлік нұсқасы жасалды.Халықтар арасында көп талқыланды. Дегенмен де бұл нұсқа бойынша сұрақтар баршылық. Ол жобаның жүзеге асырылуы су қамтамасыздығына тікелей байланысты.Сондықтан бүгінгі семинар жұмысының маңызы өте ерекше.
Семинарда Сырдария өзенінің бассейні аумағындағы пилоттық жобаның аралық нәтижелері талқыланды. Атап өту керек, 2025 жылдан бастап Халықаралық Аралды құтқару қорының атқарушы комитеті Француз даму агенттігінің гранттық қолдауымен жаңа жобаны жүзеге асыруда.
СЕРІК БЕКМАҒАМБЕТОВ – ХАЛЫҚАРАЛЫҚ АРАЛДЫ ҚҰТҚАРУ ҚОРЫНЫҢ АТҚАРУШЫ КОМИТЕТІ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Бұл пилоттық жоба. Бізде суару практикасы 60-70 жыл бар. Ал ол кезде суды кім есептеді, су жеткілікті болды. Қазір климаттың өзгеруіне байланысты жылдан жылға су азайып бара жатқасын, гидромодульдік аудандыру, модельдерді дайындау, космостан зерттеу өте маңызды сұрақтар. +Суды үнемдеу керек. Жобаны 2 жыл ішінде тиімді өткізсек, басқа елдерге, Тәжікстан, Түркіменстан елдеріне ұсынамыз, осы нәтижелерді сіздер қолданайықшы. Өйткені сізде су көп сақталса, ол су бізге келеді, біз оны сақтап Аралға жіберсек, Арал толады.
Жоба Қазақстан мен Өзбекстан аумағында іске асырылуда. Атап айтсақ, Түркістан және Қызылорда облыстарын, сондай-ақ Өзбекстандағы Ферғана өңірінің Әндіжан, Наманған, Ферғана облыстарын қоса алғанда 1.7 миллион гектардан астам суармалы жерді қамтиды. Жоба аясында жерді қашықтықтан зондтау деректері және қазіргі заманғы спутниктік ақпарат көздері кеңінен пайдаланылуда. Соның нәтижесінде климат, топырақ, жер асты сулары және ауылшаруашылық жерлерінің жағдайы туралы деректер жинақталып, жаңартылады.
МҮСІЛІМ ЖИЕНБАЕВ – ХАЛЫҚАРАЛЫҚ АРАЛДЫ ҚҰТҚАРУ ҚОРЫНЫҢ АТҚАРУШЫ КОМИТЕТІНІҢ БАС МАМАНЫ
Қазіргі жобаның мақсаты дақылдардың суару режиміне өзгеріс енгізу.Қазіргі техниканың дамуына, космос суреттерінің жағдайына байланысты дақылдардың күйін білеміз. Суды қажет еткен уақытында суды беру арқылы сурау режимін жетілдіреміз. Маңыздылығы бұл жалпы егіншілікпен айналысатын әкімдіктер, шаруашылықтарға осы технологияның бар екенін насихаттап отырмыз. Суды үнемдеу, тиімді пайдалану жағынан өте қажетті жоба.
Иә, мамандардың айтуынша жоба аясында суды ысырапсыз, үнемдеп пайдалану жолдары нақтыланады. Бүгінде зерттеу жұмыстары әлі де жалғасуда. Семинар барысында мамандар осы кезге дейінгі нәтижелерді таныстыратын болады. Айта кетейік, екі жылға жоспарланған жоба биыл желтоқсанда аяқталады. Ал қорытынды семинар Ташкентте өтеді деп күтілуде.