#qyzylordatv
Бүгін Премьер-министр Олжас Бектенов су кеңесін өткізіп, өңір әкімдеріне гидронысандарды жаңғыртуды күшейтуді тапсырды. Сондай-ақ, су үнемдеу технологияларына мән беріп, мәселе Мемлекет басшысының бақылауында екенін еске салды. Селекторлық жиыннан кейін облыс әкімі Мұрат Ергешбаев күн тәртібінде көтерілген мәселе бойынша арнайы мәжіліс өткізіп, сала басшыларына бірқатар тапсырма жүктеді.
Су ресурстарын тиімді пайдалану өңір үшін ең өзекті мәселе. Осы мақсатта аймақта каналдары бетондау, су үнемдеу технологияларын енгізу және егісті әртараптандыру бағытындағы тиісті жұмыстар жүргізілуде. Жалпы бекітілген жоспарға сәйкес, биыл облыста 14 мың 200 гектарға су үнемдеу технологиялары енгізілді. Алдағы 2027 жылға 19 мың 200 гектар, одан кейін 24 мың 200 гектар көлемінде жоспарланған. Сондай-ақ, су саласын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспарына Қызылорда облысы бойынша жалпы құны 141 млрд теңгені құрайтын 112 жоба енгізілген. Ал, су ресурстарын тиімді пайдаланудың жүйелі шараларына 10 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінді. Мәжілісте аймақ басшысы су ресурстарын тиімді пайдалану және басқару бағытындағы жұмыстар Үкіметтің қатаң бақылауында екенін айтып, сала басшыларына бекітілген көрсеткіштерді сапалы әрі мерзімінде орындау қажет деді.