#qyzylordatv 

Қармақшы ауданында су ресурстарын тиімді пайдалану мақсатында жалпы ұзындығы 88 шақырымды құрайтын 12 канал бетондалады. Сондай-ақ көп ұзамай Жосалы кентіндегі темір жол үстінен өтетін көпірдің құрылысы басталады. Осы және өзге де жаңашылдықтар турасында аудан әкімі Жандос Еркінбек журналистерге арналған баспасөз брифингінде баяндады. 


 Су ресурстарын тиімді пайдалану өңір үшін ең өзекті мәселе. Осы мақсатта Қармақшы ауданында жалпы ұзындығы 88 шақырымды құрайтын 12 каналды бетондау бойынша жоба-сметалық құжаттар әзірленуде. Байқоңыр қаласын сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін қайта жаңғырту жұмыстары да қолға алынған. Ал Көмекбаев ауылдық округіндегі «Қарақ» учаскесінің бес көзді су тоспасын жөндеу жұмыстары аяқталса, Иіркөл ауылындағы «Жапалақ» каналы механикалық тазалаудан өтті. Сонымен қатар, елді мекендердегі тозығы жеткен электр желілері қайта жаңғыртылып жатыр.


 ЖАНДОС ЕРКІНБЕК – ҚАРМАҚШЫ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ 

 2024-25 жылы біз 4 ауылдық окруктің электр желілерін толығымен жаңартқан болатынбыз. Ендігі кезекте биылғы жылы құны 1 млрд 700 млн теңге болатын 4 жобаны жүзеге асыруға қаражат көздері табылып аймақ басшысының қолдауымен бүгінгі күні конкурстық іріктеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Нәтижесінде, мердігер мекеме анықталса жылдың аяғына дейін тағы да 4 елді мекеннің электр желілері жаңғыртылатын болады.


 Көптің көкейіндегі мәселенің бірі – Жосалы кентіндегі темір жолдың екі бетін байланыстыратын өткел жайы. Оған қажетті барлық құжаттар рәсімделіп, тиісті органдардан келісімдер алынған. Құрылыс жұмысы тамыз айында басталады, дейді аудан әкімі.


 ЖАНДОС ЕРКІНБЕК – ҚАРМАҚШЫ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ 

 Жалпы жобаның құны 5,5 млрд теңге болады. Мен өздеріңізбен жылда кездескен сайын бұл туралы айтып шығамын. Бүгінгі күні толығымен құжаттарды рәсімдеу, тиісті мекемелерден рұқсатын алу жұмыстары толығымен аяқталды. Ендігі кезекте қаражат келуін күтіп отырмыз. Аманшылық бболса тамыз айында құрылыс жұмыстарын тамыз айында бастаймыз деген ойымыз бар.


Ауданда елді мекендерді көгілдір отынмен қамту жобасы қарқын алды. Биыл жыл аяғына дейін Иіркөл мен Төребай би ауылының тұрғындары көгілдір отынға қосылады.


 ЖАНДОС ЕРКІНБЕК – ҚАРМАҚШЫ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ 

 Одан бөлек, үшінші интернационал ауылын газ жүйесімен қамтамасыз ету мақсатында бүгінгі күні Дүр Оңғар ауылы мен үшінші интернационал ауылына дейінгі магистральды газ желісі мен олардың ішіне газ таратуға жобалық-сметалық құжаттамасы демеушілік есебінен әзірленді. Тиісті басқарма және министрлікпен келісім сөздер жүргізіліп жатыр. Жылдың аяғына дейін құрылыс жұмыстары басталатын болады. Әр жағында Ақтөбе және Ақжар ауылын газға қосу бағытында жобалық сметалық құжаттары әзірленуде.


Сонымен қатар, ауданда инвестициялық жобалар жүзеге асырылмақ. Бүгінге дейін Өңірлік үйлестіру кеңесінің шешімімен жалпы құны 67,5 млрд теңгені құрайтын 4 жоба мақұлданған. Әкімнің айтуынша, жаңа жобалар толық іске қосылғанда 170-ке жуық жаңа жұмыс орны ашылады