#qyzylordatv 

Елімізде мемлекеттік грант конкурсына құжат қабылдау басталды. Бұл науқан жиырмасыншы шілдеге дейін жалғасады. Талапкерлер қалаған оқу ошағына өтінімді қалай жолдай алады? Жалпы, биыл қанша білім гранты бөлінді? Мамандықтардың шекті балында өзгеріс бар ма? Міне, түлектер үшін маңызды сауалдарға әріптесім Елжас Әбділда рет-ретімен жауап бермек. 


 Елімізде күн күйіп тұр. Шіліңгір шілденің аптап ыстығымен қоса, ұлттық біріңғай тестілеуден өткен түлектердің де додасы қыза түсті. Ғылым және жоғары білім министрлігінің хабарлауынша, биыл бакалавриатқа 75 мыңнан астам грант бөлінген. Ал, 233 мың талапкер ҰБТ тапсырғанын ескерсек, расымен бұл нағыз бәйге. Шекті балды жинау өз алдына, бұл науқанда ұшқалақтыққа ұрынбай, сауатты шешім қабылдау өте маңызды, дейді сарапшы.


АСҚАТ МЫРЗАБАЙ – РЕКРУТИНГ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ Жалпы түлектер грант конкурсының нәтижесі шыққан кезде жоғары бал жинаса да грантқа түсе алмай қалып жатқан жағдайлар өте көп кездеседі. Біз сол жағдайлардың алдын алу үшін осында құжат тапсырмас бұрын бірінші кәсіби бағдар бойынша кеңес береміз. 4 мамандық, 4 университетті таңдау бойынша жол көрсетеді. Яғни бұл жақта тек Қорқыт ата университетін таңдағандар үшін ғана емес, облыстың кез-келген түлегі, кез-келген басқа университетке түсетін болса да біз нақты грантқа түсуге мүмкіндігі болатын кеңестерді беріп отырамыз/

Тілші: Конкурсқа қатысу үшін кей мамандықтардың шекті балы бар. Мәселен, мұғалім немесе заңгер болғысы келгендер кемі 75 балл, «Денсаулық сақтау» бағытын таңдаған талапкерлер 70, «Ауыл шаруашылығы» және «Ветеринария» үшін 50 балл болу тиіс. Ал құжат тапсыруда қатып қалған қағида жоқ. Талапкерлер өтінімді университетке барып не болмаса eGov порталы арқылы да жолдай алады. Дегенмен қабылдау комиссиясына келіп бағыт беруші мамандардың кеңесіне жүгінгенде нәтиже айқындала түспек. 


МАРАТ АБЖАЕВ – ҚОРҚЫТ АТА АТЫНДАҒЫ ҚУ ҚАБЫЛДАУ КОМИССИЯСЫНЫҢ ЖАУАПТЫ ХАТШЫСЫ  

 Университеттің 5 оқу ғимаратында құжат тапсыру мүмкіндігі бар және үкіметтің электронды парталында құжат тапсырса болады. Егер талапкер eGov-тан тапсырған жағдайда әр университеттің қабылдау комиссиясына барып түседі. Сол жерде өңделіп талапкерге тікелей сол порталда жауап беріледі. Мемлекеттік білім грантының конкурсына аттестат, ҰБТ сертификаты және айта кетерлігі мемлекеттен бөлінетін квоталар бар, әртүрлі әлеуметтік жағдайға байланысты, яғни, өзінің әлеуметтік жеңілдігін көрсететін құжаттарын тапсырады


ДІНМҰХАМЕД ӘЛІБЕК – ТАЛАПКЕР  

Бүгін алғашқылардың бірі болып конкурсқа қатысуға келдік, кәсіби мамандардың көмегіне жүгінуге. Алдағы уақытта қаржы саласына түссем деген ойым бар. Еліміздің ертеңі болатын мамандықтардың бірі. Осы ҰБТ жолында тыңғылықты дайындалып, өзімнің қалған балымды алдым...


 Расы керек, Дінмұхамед секілді бәрі бірдей қалаған көрсеткішке қол жеткізді деп айта алмаймыз. ҰБТ тапсырған 233 мың талапкеркердің 177 мыңға жуығы ғана шекті балл жинаған. Сондықтан көптеген түлектер тілектерін ысырып қойып, грантқа түссем болды, деген мақсатты көздейді. Ал жүрек қалауынсыз мамандық таңдаған жасардың 10 пайызы жылға жетпей оқуын тастап кетеді екен. 


АСҚАТ МЫРЗАБАЙ – РЕКРУТИНГ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ Қателіктер өте көп, соның ішіндегі ең бір айта кетерлігі, грант үшін мамандық таңдау. Яғни, бізге келген ата-аналарға балаңыз қай салаға бейім, қандай мамандық таңдағысы келіп тұр, дегенімізде, қай мамандыққа грантқа жетеді, сол болса болды, соны таңдап бере берші, дейді. Яғни бұл баланың болашағына сәл алаңдамай қарау. Біздің университеттің өзінде де жылына 3 мыңнан астам студент қабылданады, бір жылдың ішінде 300-ге жуық талапкер оқудан шығып кетеді


 Биыл 5 пән бойынша талапкерлер орташа 69 балл жинады. Бұл көрсеткішпен іргелі оқу ордаларына түсу қиын. Бірақ, мемлекеттік «Серпін» бағдарламасы арқылы солтүстік өңірлерде білім алуға мүмкіндік бар. Қазір аталмыш бағдарлама бойынша да құжат қабылдау жүріп жатыр.    


 Айта кетерлігі, биыл мемлекеттік білім гранттарының дені техникалық мамандықтарға бағытталған. Сондай-ақ, педагогика мен денсаулық сақтау саласына да басымдық беріліп отыр. Құжаттарды қабылдау науқаны жиырмасыншы шілдеде аяқталады.