#qyzylordatv
Жаңа Конституция азаматтық қоғамның рөлін айқындап берді. Енді үкіметтік емес ұйымдардың жұмысын жүйелі ұйымдастыру маңызды. Облыс орталығында өткен азаматтық форумда мемлекет пен қоғам арасындағы сындарлы әріптестікті нығайту және қоғамдық диалог мәдениетін дамыту мәселелері талқыланды. Жиынға облыс әкімі, зиялы қауым өкілдері, үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері, азаматтық қоғам белсенділері қатысты.
Азаматтық қоғам мемлекеттік басқарудың ажырамас бөлігі. Ал, мемлекеттік маңызы бар шешімдерді қабылдауға үкіметтік емес ұйымдарды кеңінен тарту бүгінгі күннің басты талабы. Оны уақыт пен тәжірибе көрсетіп отыр.
МҰРАТ ЕРГЕШБАЕВ – ОБЛЫС ӘКІМІ
Қазіргі таңда, өңірімізде азаматтық қоғам институттары мемлекеттік бастамаларды іске асыруға белсенді атсалысып, халықтың мүддесін қорғау мен өзекті әлеуметтік мәселелерді шешуге нақты үлес қосып келеді. Халықты ортақ мақсатқа жұмылдырып, үкіметтік емес ұйымдарды қоғамдық маңызы бар бастамаларға кеңінен тарту - мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыратын әрі қоғам мен билік арасындағы өзара сенімді нығайтатын озық тәжірибе.
Бүгінде өңірімізде мыңға жуық қоғамдық ұйым тіркелген. Олар түрлі салада әлеуметтік жобалармен айналысып, ел ішіндегі күрмеулі мәселелер шешімін тауып келеді. Мәселен, биылғы жылдың өзінде мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс арқылы 555 жоба жүзеге асырылған. Бұл қоғам мен билік арасындағы тікелей диалогтың нақты нәтижесі. Форум барысында үкіметтік емес сектор өкілдері өздерінің жаңа бастамаларын ортаға салып, әріптестікті жаңа сапалық деңгейге көтеру жолдарын талқылады.
ЗЕЙНАР ТӘЖИЕВА – «АҚ БОСАҒА» ӘЙЕЛДЕР ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІГІНІҢ ДИРЕКТОРЫ
Ең алдымен әлеуметтік осал топтарды қолдау жүйесін күшейту қажет. Конституция әрбір азаматтың әлеуметтік қорғалуына тең мүмкіндіктерге және адамның қадір-қасиетіне кепілдік береді. Сондықтанда мүмкіндігі шектеулі азматтарды, ерекше балаларды тәрбиелеп отырған аналарды, отбасыларды, көп балалы және аз қамтылған отбасыларды қолдау тек мемлекеттік көмек көрсетумен шектелмеу керек. Оларды жұмыспен қамту, кәсіпкерлікке тарту, тұрғын үйге қолжетімділгін арттыру, құқықтық және психологиялық сүймелдеу бағытындағы кешенді әлеуметтік қызметтерді дамытуымыз қажет.
ЖАНДОС ТҰСМАҒАМБЕТОВ – «САМҰРЫҚ» ИННОВАЦИЯЛЫҚ ИДЕЯЛАРДЫ ДАМЫТУ ОРТАЛЫҒЫ» ҚОҒАМДЫҚ ҚОРЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ
Азаматтық сектордың алдында әлі де шешімін бітпеген бірқатар мәселе бар. Ауылдық жерлердегі қоғамдық ұйымдардың әлеуетін арттыру мақсатында гранттық қолдау, оқу бағдарламалары мен ресурстық орталықтардың жұмысын дамыту маңызды бағыттардың бірі болып отыр. Өңірлік бағдалрамаларын әзірлеу және іске асыру барысында үкіметтік емес ұйымдардың тәжірибесі мен ұсыныстарын ескеру де мемлекет пен азаматтық қоғам арасындағы тиімді әріптестікті нығайтуға мүмкіндік береді.
Азаматтық форум барысында Арал ауданында қазан айында өтетін халықаралық еріктілер апатылығының жоспары айтылды. Бұл шара өңірдегі және халықаралық деңгейдегі волонтерлік қозғалысты дамытуға, жастардың қоғамдық белсенділігін арттыруға және экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған.
Жиын соңында қоғам дамуына үлес қосқан азаматтар ерекше марапатталды. Оларға Конституцияның жаңа редакциядағы басылымы табысталып, белсенді ұйым басшылары Алғыс хаттармен және арнайы қаржылай сыйақы сертификаттарымен ынталандырылды.