#qyzylordatv 

Байқоңыр ғарыш айлағынан екі ресейлік ғарышкер мен NASA астронавты мінген "Союз МС-29" ғарыш кемесі сәтті ұшырылып, белгіленген орбитаға шықты. Кеме қысқа маршрут арқылы Халықаралық ғарыш станциясына бет алды. Тарихи сәтті 3 мыңға жуық турист тамашалады. 


Соңғы жылдары жұлдызды қалашыққа келетін туристер қатары артқан. Әсіресе, ғарыш кемесінің ұшырылымы болатын сәтте келетіндер көбейеді. 3 мыңға жуық адам алыс жолды артқа тастап, тарихи сәтті тамашалау үшін Байқоңыр ғарыш айлағына арнайы келген. 


АНАСТАСИЯ ВОРОГОВА – ТУРИСТ 

Біз бұл сәтті тамашалау үшін Вьетнамнан арнайы келіп тұрмыз. Байқоңыр ғарыш айлағында болуды көптен бері армандадық. Бүгін сол арманымыз орындалды. Бірнеше ай бұрын АҚШ-тың Флорида штатындағы Канаверал мүйісінде болып, Falcon Heavy зымыранының ұшырылуын көрген едік. Сол кезде бір уақытта үш зымыран көкке көтерілді. Бұл өте әсерлі болды. Бірақ біз ұшырылым алаңынан 5 шақырымнан астам қашықтықта тұрдық. Ал мұнда біз әлдеқайда жақынбыз. Сондықтан бүгін көргеніміз ерекше әсер қалдырып, өмір бойы ұмытылмас сәт болады деп ойлаймын. Сонымен қатар, ғарыш айлағындағы зымыранның гүрілін өз құлағымызбен сезінеміз. Ауа температурасы 47 градус болса да, осы қасиетті жерде жүргенімізге өте қуаныштымыз. Ұшырылымды тағатсыздана күтіп отырмыз.


 Міне, көпшіліктің көптен күткен сәтте келді. «Союз МС-29» кемесі сағат 19-дан 43 минут кеткенде көкке көтерілді.


 Шамамен тоғыз минуттан кейін "Союз МС-29" кемесі зымыранның үшінші сатысынан ажырап, орбитаға сәтті шықты. Экипаж құрамында "Роскосмос" ғарышкерлері Петр Дубров пен Анна Кикина, сондай-ақ NASA астронавты Анил Менон бар. Дубров пен Кикина үшін бұл ғарышқа екінші сапары болса, Анил Менон үшін алғашқысы. Ұшырылымды тамашалауға NASA басшысы Джаред Айзекман арнайы келген. 


ҚАЙРАТ НҰРТАЙ – ҚР ПРЕЗИДЕНТІНІҢ БАЙҚОҢЫР КЕШЕНІНДЕГІ АРНАУЛЫ ӨКІЛІ, ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ  

 Байқоңыр ғарыш айлағында NASA басшысы Айзекман жұмыс сапарымен жүр. Туризм саласын дамытуға тоқталып өткім келеді. 22 жылдан бері Қазақстан тарапымен біраз ғимараттар жалдан шығарылып, туристік нысандар қылып жасалды. Соның біреуі осы, көріп отқандай. Туристердің қызығушылығы жылдан жылға артып келеді. 22 жылмен салыстырғанда былтырғы жылы 4 есеге өскен. 


 Жоспарға сәйкес, ғарыш кемесі Жерді екі рет айналып өтіп, бірнеше сағат ішінде Халықаралық ғарыш станциясының Ресей сегментіндегі "Причал" модуліне автоматты түрде түйіседі. Станцияға жеткен соң экипаж алдымен 74-ұзақ мерзімді экспедиция құрамына қосылып, кейін жұмысын 75-экспедиция аясында жалғастырады. Ғарыш сапары 261 тәулікке жоспарланған. Экипаж Жерге 2027 жылдың көктемінде оралады. Экспедиция барысында экипаж ғылыми зерттеулер жүргізіп, станциядағы жоспарлы жұмыстарды атқарады.