#qyzylordatv
Елордадан жеткен ақжолтай ақпар. «Bai Qymyz» халықаралық гастрофестивалінде «Абай-Дәулет» шаруа қожалығының «Сыр дәмі» бренді арнайы номинация иеленді. «Дәмі ерекше» аталымы бойынша топ бастаған Қызылорданың қымызын қазылар алқасы айрықша атап өтіп, жерлестеріміздің еңбегі еленді. Ұлттық құндылықты құнттаған байқау барысын тілшіміз тарқатады.
Қымыз – сусыныңды қандырып, жанарыңды жандыратын көп шөлбасардың бірі емес. Бұл ұлттың коды сақталған қастерлі өнім. Демек мұны бүгінгі буынның жадында жаңғыртудың маңызы зор. «Bai Qymyz» гастрофестивалі осы мақсата ұйымдастырылған. Мазмұнды шара биыл екінші мәрте ұйымдастырылып отыр. Шараға көршілес мемлекеттер мен еліміздің әр өңірінен 59 өндіруші бақ сынады. Оларға қойылған басты талап дәмі мен дайындалу әдісі ұлттық дәстүрдің шеңберінен шықпауы шарт.
ГАУХАР ҚОНЫСБАЕВА – САРАПШЫ
Қымыз өндірушілердің барлығы Назарбаев университетіне сынамаларын тапсырды. Онда микробиологиясы тексерілді. Сол жерде құрамы және дәрумендері де тексерілді. Биылғы қымыздың майлылығы өте жоғары...
Қымызқұмар қауымның қарасы қалың. Екі күнге созылған шараға 70 мыңнан астам жұртшылық жиылған. Қамбар ата тұқымын түлеткен шаруалар 56 тоннадан астам қымыз жеткізіпті. Фестиваль ауқымын осыдан-ақ аңдауға болады. Рас, Жаңаарқаның жұмсақ, Қарқаралының қанттай қымызымен сайысқа түсу оңай шаруа емес. Десе де, Сырдың да сап күбісін сапырсаң, өзіндік өзгеше дәм өнетіні аян. Мұны сөзден іс оздырған «Абай-Дәулет» серіктестігі дәлелдеп берді.
НАЙЛЯ ІЛИЯСОВА – КӘСІПКЕР
Мақсатымыз, біздің Қызылорда облысында да осындай қымыз дайындайтын дәстүрлі қымызымызды көрсетуге бардық. 1 тонна шұбат, 200 литр қымыз апардық. Қымызымызға ерекше дәмі бар деген орын берді бізге. Ол да бізге мотивация болды, әрі қарай қымызымызды дамытуға. Бұл біздің алғашқы жобамыз. Болашақта осындай фестивалдарға қатысамыз деп үміттенеміз/
Көнеге көз тіксек, күбіні Сыр өңірінде сексеуілмен залалсыздандырып, жалбызбен ыстапты. «Абай-Дәулет» шаруа қожалығы ұсынған «Сыр дәмі» брендінде осы технология сақталған. Әрі шөлді жерде жайылған жылқы сүтінің құрамында дәрумен көп. Қызылорданың қымызы байқауда осынысымен ерекшеленді. Енді бұл әдісті әлде де жетілдіріп, заман талабына сай өндіріс құру жоспарланып отыр.
НАЙЛЯ ІЛИЯСОВА – КӘСІПКЕР
Бұл қымыздың ерекшелігі, сүрленген қазымен, жалбызбен ашыттық. Сүйтіп, күбіге салып пістік, ол күбіні біз залалсызданыру үшін жусан және сексеуіл пайдаландық. Болашақта бұл өндірісті көбейтеміз деген ойымыз бар. Қытайда ауқымды фестиваль өтеді екен. Соған қатысамыз деген ойымыз бар...
Осылайша бір құрылым бүтін бір өңірдің жүгін көтеріп Сыр дәмін Сарыарқа төрінде әйгіледі. Қазір бұл бренд облыс орталығында саудалануда. Ал алдағы уақытта Қызылорданың қымызы өзге өңірлерге де жол тартса игі.