#qyzylordatv
Қызылордалық көпбалалы ана креативті индустрияның дамуына өзіндік үлес қосып келеді. Шебер екі жылдан бері аниматорларға арналған костюм тігуді қолға алған. Бүгінде тігінші Әселхан Тәжімбетова жасаған «ертегі кейіпкерлері» талай бүлдіршінді қуантып, мерекенің сәнін келтіріп жүр.
Көздің жауын алатын дүние жасау үшін ең алдымен өз ісіңе деген сүйіспеншілік керек. Адал еңбек, жақсы ниет, ізгі ой үйлескенде ғана әдемі дүниелер өмірге келеді. Әселхан Тәжімбетова – алты баланың анасы. Сәбилерін кішкентайынан еңбекқорлыққа үйретіп келеді. Жақсылыққа жаны құмар жас шебер бала күтімі, үй тірлігінен қолы қалт еткенде тігін машинасына асығады. Ал кейде үлкен көлемдегі костюмдерді әзірлеуге жолдасы да көмектеседі.
ӘСЕЛХАН ТӘЖІМБЕТОВА – ТІГІНШІ
Мен бұл жұмысты қызымның туған күнінде бастадым. Өзім тігін тіккенді жақсы көретінмін. Бір кісіден үйреніп бастадым. Ал екінші аниматорды ұлымның туған күнінде жасадым.
ТІЛШІ: Ананың балаға деген сүйіспеншілігінен басталған кәсіп күн өткен сайын дами берді. Балақайлардың туған күні аяқталғасын, «аниматор костюмі үйде босқа тұрмасын, тәуекел етіп, жалға берейін» деген ой келеді. Осылайша алғашқылардың бірі болып көршісі аюдың костюмін жалға алды. Біртіндеп «көңілді аю» үй-үйді аралап, өзге де бүлдіршіндердің шат күлкісіне сеп болды.
ӘСЕЛХАН ТӘЖІМБЕТОВА – ТІГІНШІ
Бірінші осылай қағазға түсіріп аламыз. Қағаздан кейін паралонға пішеміз. Маркермен өлшеп, қиып аламыз. Бір аниматордың киімі 2-3 жылға жарайды...
Еңбек етуден жалықпайтын жанға мүмкіндіктер есігі де ашыла түседі. Тігінші кәсібінің арқасында қайтарымсыз гранттың иегері атанды. Осылайша мемлекеттің қолдауы жас кәсіпкерге үлкен демеу болды. Шебер алдағы уақытта заманауи мультфильм кейіпкерлерін және «Алдар көсе» аңызындағы Алдар мен байдың костюмін жасағысы келетінін айтты.
ӘСЕЛХАН ТӘЖІМБЕТОВА – ТІГІНШІ
Мына көңілді қоянды тігуіме 2-3 күн уақыт кетті. Көбіне балабақша мен үйден құттықтауға тапсырыс түседі.
Біз көбіне тігінші қолынан шыққан дайын дүниені ғана көреміз. Ал оның артында шыдамдылық пен шығармашылықты қажет ететін үлкен еңбек бар. Аниматорларға костюм әзірлеп, балаларға қуаныш сыйлаған қызылордалық шебер осылайша жаңа саланың дамуына үлес қосып келеді.