#qyzylordatv
«Қазақстан тарихы: ежелгі дәуірден бүгінге дейін» атты жеті томдық академиялық басылымды әзірлеуге қатысты редакция алқасының қорытынды отырысы өтті. Жиынға Президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Ерлан Қарин төрағалық етті.
Қазақстан тарихы бойынша жаңа академиялық басылымды дайындау – стратегиялық маңызды мәселе. Ол барлық оқуылықтарға негіз болады. Сондықтан 300 ден астам ғалым, 12 елден 50 сарапшы әр томға терең зерттеу жүргізіп, тарихи деректерді мұқият зерделеді. Бұл жолы да 5 шілдеде өткен отырыста ғалымдар мен сарапшылардың ескертулері мен ұсыныстары есепке алынып, түзетулер енгізілді. Атқарылған жұмыс нәтижелері Жалпы редакциялық алқа тарапынан жоғары бағаланып, академиялық басылымның «Тәуелсіз Қазақстан» атты жетінші томын баспаға ұсыну туралы шешім қабылданды. Жиында Ерлан Карин көптомдықты әзірлеуді Мемлекет басшысы тапсырғанын атап өтіп, алғыс білдірді.
Ерлан Қарин келер ұрпақ алдындағы жауапкершілікті терең сезіне отырып, авторлар ұжымы ұлттың жүріп өткен тарихи жолын объективті тұрғыдан зерделеуді басты мақсат еткеніне баса назар аударды. Жиын қорытындысы бойынша көптомдық басылымды әзірлеу жұмыстарының нәтижесін қорытындылап, редакциялық алқа мүшелеріне жаңа Конституция басылымдарын салтанатты түрде табыстады.