#qyzylordatv
Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев азаматтарды кезектілік тәртібімен жеке қабылдады. Қабылдауға 13 адам тіркелген, оның екеуі онлайн қосылды.
Қабылдауға келген тұрғындар елдімекендегі инфрақұрылым, жер дауы, әлеуметтік қолдау, коммуналдық, денсаулық сақтау, жұмыспен қамту мәселелері бойынша ұсыныстарын жеткізді. Атап айтсақ, ауған соғысының ардагері Зұлхарнай Күзембаев аймақ басшысына тұрғын үй мәселесі бойынша келді. Ол «Халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобы» санаты, оның ішінде «Басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері» санаты бойынша тұрғын үй кезегіне тіркелген. Төртінші болып кезекте тұрған қала тұрғынына жуырда баспаналы болатыны хабарланды.
ЗҰЛХАРНАЙ КҮЗЕМБАЕВ – ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
Біраз жыл очередьте тұрғанбыз. Өзім как афганец. Бүгін шешілді мәселе.Рахмет
Қабылдауда гемодиализ қабылдайтын науқастарға көрсетілетін медициналық көмекті жетілдіру мәселесі де айтылды. Өңірде созылмалы бүйрек жетіспеушілігіне шалдыққан 358 адам амбулаториялық гемодиализ орталықтарында ем қабылдайды. Қала тұрғыны бүйрек трансплантациясы, оның ішінде донор болу мәселесі бойынша көпшілікке түсіндірме жұмысы жүргізілсе дейді. Сондай-ақ гемодиализ қабылдайтын науқастардың республикалық спорттық шараларға қатысуына қолдау көрсетілсе деген ұсынысын жеткізді.
МҰРАТ ЕРГЕШБАЕВ – ОБЛЫС ӘКІМІ Мына кісілердің спорттық шаралары бар екен республикалық. Соған қаражат таппай, қиналады екен. Неге таппайсыңдар? Қолдау көрсету керек. Қиналып жүргенін көріп отырсыңдар ғой. Шешіңдер.
Сондай-ақ, азаматтардың бірі тұрғын үйіне электр тарату жәшігі жапсарлас орналасқанын айтып, басқа орынға ауыстыруды сұрады. Балаларға қауіп төнуі мүмкін екенін жеткізді. Нәтижесінде өтініші қолдау тауып, тоқ жәшігі басқа орынға көшірілетін болды.
Өткен айда тұрғын үйі мен ауласындағы құрылыс дүкені өртеніп кеткен Қызылжарма ауылының тұрғыны қабылдауға келді. Оған қолданыстағы тәртіпке сәйкес әлеуметтік көмек тағайындалған. Алдағы уақытта тұрғынның жаңа баспана салуына қолдау көрсетілетін болады. Сонымен қатар, университетті қазақ тілі мен әдебиеті пәні мамандығы бойынша бітірген жас маман жұмысқа тұру мәселесін айтты. Жауапты сала өкілдері жұмысқа конкурстық негізде қабылдануға болатынын жеткізді. Қабылдауда мұнан өзге де мәселелер талқыланып, аймақ басшысы сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді. Олардың орындалуы тұрақты бақылауда болатын болады.