#qyzylordatv 

Өңірдің тыныс-тіршілігі Сырдария суына тікелей тәуелді. Дарияның ағысын реттеу, егін науқаны кезінде тиімді бөлу – сала мамандарының басты міндеті.Осы орайда Арал-Сырдария бассейндік су инспекциясының мамандары өңірге келіп жатқан судың қазіргі көлемі мен жаңа Су кодексі талаптарының қаншалықты сақталып отырғанын хабарлады.


 Қазіргі күні Шардара су қоймасында 3 миллиард 392 миллион текше метр су жинақталған. Мамандар Сырдария арқылы өңірге келетін судың көлемі маусымдық суару қажеттіліктерін өтеуге жеткілікті екенін айтып отыр.Жалпы жыл басынан бері Арал теңізіне бір миллиард текше метрден астам су жіберілген.


 ЗЕЙНУЛЛА ҚАЗТОҒАНОВ – АРАЛ-СЫРДАРИЯ БАССЕЙНДІК СУ ИНСПЕКЦИЯСЫНЫҢ БАСШЫСЫ 

 Сырдария өзенінің суы республика территориясында 6 су тораптарынан реттеледі. Шардара, Көксарай, Қызылорда, Әйтек, Қазалы, Ағлақ. Оның төртеуі облыс территориясында. Сондай-ақ, облыста жалпы сыйымдылығы 34,7 миллион текше метрді құрайтын 6 су қоймасы бар. Бүгінгі таңда жиналған су көлемі жалпы 15 миллион текше метрді құрайды. Яғни 43 пайызды құрап отыр. Шардарадағы су көлемі 3 млрд 392 млн текше метрді құрайды. 2025 жылы 926 млн текше метр болған осы кезде, яғни 2 млрд 450 млн текше метрге былтырғы жылмен салыстырғанда су көп.


 Жаңа Су кодексі күшіне енгеннен кейін инспекция заң талаптарының орындалуын қадағалауды күшейтті. Заңбұзушылықтарды анықтауға ғана емес, сонымен қатар олардың алдын алуға да баса мән берілуде. Мамандар су пайдаланушылар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, су ресурстарының заңға сәйкес пайдаланылуын және қоршаған ортаны қорғау талаптарының сақталуын қадағалайды. Дегенмен заңбұзушылықтардың толықтай алдын алу әзірге мүмкін болмай отыр.


ЗЕЙНУЛЛА ҚАЗТОҒАНОВ – АРАЛ-СЫРДАРИЯ БАССЕЙНДІК СУ ИНСПЕКЦИЯСЫНЫҢ БАСШЫСЫ 

 2025 жылдың сәуірінде жаңадан су кодексі қабылданып, 10 маусымда күшіне енгені белгілі. Жаңа су кодексінің қабылдануына байланысты инспекциямен ең бірінші судың «қара нарығының» алдын алу бойынша жұмыстар жүргізілді. Бұрын су кодексі бойынша инспекциялар бақылау функциясын атқаратын болса, қазір қадағалау функциясы қоса беріліп отыр. 


Яғни, суару маусымын кедергісіз өткізу үшін Су кодексі талаптарын сақтау және су ресурстарын тиімді пайдалану маңызды.