#qyzylordatv
Сапарға шыққан жолаушы жол үстінде де байланыстан ажырамайды. Елімізде бес бағыт бойынша қатынайтын жолаушылар пойызы интернетке қосылды.
Көлік министрлігінің мәліметінше, интернет Қызылорда-Павлодар, Қызылорда –Көкшетау, Жезқазған- Астана,Астана-Семей және Алматы-Достық бағытындағы пойыздарда қолжетімді. Ол үшін жолаушы вагон ішіндегі Wi-Fi желісін таңдап, авторизациядан өтуі керек. Қызметтің тегін және ақылы тарифі қарастырылған. Тегін пакет WhatsApp пен Telegram арқылы мәтіндік хабарлама жіберуге мүмкіндік береді. Толық интернет, әлеуметтік желі, бейнесервис және жұмыс қосымшасын пайдалану үшін ақылы тарифке қосылу қажет. Пойыздағы интернет шалғай өңірлер арасындағы сапар сапасын арттыруға бағытталған. Сондықтан жыл соңына дейін еліміздегі өзге де жолаушылар пойыздарын спутниктік интернетпен жабдықтау жоспарланып отыр.