#qyzylordatv
Қызылорда қаласында жол-көлік инфрақұрылымын дамыту мақсатында жалпы құны 34 млрд 815 млн теңгені құрайтын 7 ірі жоба жүзеге асырылып жатыр. Оның ішінде 1 көпір мен жаңа автомобиль жолы, сондай-ақ жалпы ұзындығы 43 шақырым болатын 39 көшені қайта жаңғырту жұмыстары қамтылған. Бұл туралы қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Айдын Әнуар баяндады.
Ең маңызды жобалардың бірі – Бәйтерек шағын ауданындағы оңтүстік магистральді каналы арқылы өтетін көпірдің құрылысы. Ұзындығы 56 метрді құрайтын нысанды «Асанас Дар» мекемесі салуда. Қазір құрылыс жұмыстарының 65 пайызы аяқталған. Қыркүйек айында ел игілігіне табысталмақ. Сондай-ақ, Астана мөлтек ауданынан Президент саябағына қарай өтетін жаяу жүргіншілер көпірінің құрылысы да биыл басталады. Қазіргі таңда нысанның жоба-сметалық құжаттары әзірленіп, сараптаманың оң қорытындысы алынған. Мұнан бөлек, қаланың 24 көшесінде күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр.
АЙДЫН ӘНУАР – ҚАЛАЛЫҚ ТҰРҒЫН ҮЙ-КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҚ, ЖОЛАУШЫЛАР КӨЛІГІ ЖӘНЕ АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ
Қала көшелерін күрделі жөндеу жобасы аясында биыл 24 көшеде жұмыстар жоспарланып, оның ішінде бірнеше көшеде жұмыстар толық аяқталды, бірқатар көшелерде құрылыс қарқынды жүргізілуде, қалған көшелерде жұмыстар кезең-кезеңімен басталады.
Қаладағы көпқабатты тұрғын үйлерді орталықтандырылған ыстық сумен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жалғасуда, дейді бөлім басшысы.
АЙДЫН ӘНУАР – ҚАЛАЛЫҚ ТҰРҒЫН ҮЙ-КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҚ, ЖОЛАУШЫЛАР КӨЛІГІ ЖӘНЕ АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ
Жалпы алғанда 423 көпқабатты тұрғын үйді ыстық су жүйесіне қосу жоспарланған. Бүгінгі күні: 189 тұрғын үй толық қосылды; 143 тұрғын үй инженерлік желілері толық аяқталып, қосуға дайын; 35 тұрғын үйде кепілдік жағдайындағы ақауларды жою жұмыстары жүргізіледі; тұрғындардың келісім бермеуіне байланысты 50 тұрғын үйде ішкі инженерлік желілер тартылмаған. Бұл бағыттағы жұмыстар тұрғындармен түсіндіру жұмыстарын қатар жүргізе отырып жалғасатын болады.
Көпқабатты тұрғын үйлердің сәулеттік келбетін жақсарту және балаларға арналған ойын алаңдарын салу жұмыстары да қарқынды жүруде. Сонымен қатар, «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында 368 млн қаралып, үш жоба бойынша мемлекеттік сатып алу рәсімдері аяқталған.