#qyzylordatv 

Бүгінде елімізде көне жер-су атауларын зерттеп, арнайы картаға енгізетін тарихи-танымдық экспедиция жұмыс істеуде. Аталмыш топ мүшелері осы аптада Сыр өңіріне аялдады. «Анаға тағзым» орталығында өткен жиында жергілікті өлкетанушылар мен тарихшы ғалымдар экспедиция мүшелерімен пікір алмасып, ұсыныстарын ортаға салды. 


Тарихи-танымдық экспедиция мәдениет және ақпарат министрлігінің бастамасымен жолға шықты. Мамандар осыған дейін еліміздің 12 өңірінде зерттеу жұмыстарын жүргізіп, 200 мыңға жуық жер-су атауларын электронды базаға енгізіпті. Ғылыми топ мүшелері көне карталар мен архив деректерін сүзгілей отырып, әрбір аймақтың географиялық құрылымын айқындайды. Кейін тарихи атаулар негізінде цифрлық үлгіде арнайы карта әзірленбек. 


ГҮЛНАР БЕКЕНОВА – ЖОБА ЖЕТЕКШІСІ  

 Экспедиция барысында біз географиялық нысандарды фото-видеоға түсіреміз. Кейін ол материалдар электрондық порталға жүктеледі. Мысалы, картаның бетіндегі бір нүктені басқанда, тау болса соның 3Д форматтағы көрінісі, оның аталуы және аңыз әңгімелер картаға енеді. Әр өңірде 3-8 мың шақырымға дейін жол жүріп, жергілікті халықпен кездесіп, субстратты атаулардың тарихын айқындау барысында жергілікті өлкетанушылар мен көнекөз қариялармен кездесіп, атаулардың мағынасын айқындаудамыз. Жобаның өзінің зерттеу тобы бар. Бірақ жергілікті азаматтармен бірлесе жұмыс жасауға біз өте қуанышты боламыз...


 Бұл бастамаға жергілікті ғалымдар зор қызығушылықпен қарап отыр. Өйткені өңірде әлі күнге дейін атауы бұлыңғыр мекен көп. Әсіресе, кеңестік кезеңде бірнеше рет өзгертіліп, әуелгі мағынасын жоғалтқан құрылымдар жетерлік. Енді соның бәрін ономастикалық тұрғыда таразылауға мүмкіндік туды. Электрондық картаға сырбойылық өлкетанушылардың нақты дәйекті ұсыныстары енгізіледі. 


 ЖҰМАБАЙ ӘУБӘКІР – ӨЛКЕТАНУШЫ  

 «Жердің аты – тарихтың хаты» және «Келешегі кемел, тарихы терең – Сырдария» деген 2 жинақ шығардық. Онда барлық жер аттары анық көрсетілген. Менің бір байқағаным, соңғы 100 жылдықтың өзінде кейбір жер аттары бірнеше мәрте өзгеріп отыр. Бұрынғы тарихи атаулары кешегі кеңестік кезеңде малшылардың қыстауы мен жайлауына байланысты өзгеріп тұрды. Осылардың барлығын хәл-қадірімізше зерттеп, кейінгі ұрпаққа жеткізсек деп отырмыз


 Жиында жергілікті ғалымдар жер-су атауларын нақтылау үшін тарихи жырларға сүйенуді ұсынды. Бір сөзбен бұл жәй ғана сапар емес. Еліміздің тарихи жадын қайта тану жолындағы бірегей бастама. Сондықтан аса ыждағат пен жан-жақтылық қажет.