#qyzylordatv 

Сырдария ауданындағы Ақжарма ауылына табиғи газ берілді. Облыс әкімі көгілдір отынға қол жеткізген тұрғындардың қуанышына ортақтасып, салтанатты шараға қатысты.

   

 Ақжарма ауылының тұрғындары үшін бұл тарихи сәт. Елді-мекен халқы көптен күткен көгілдір отынға қол жеткізді. Аудан орталығына жақын орналасқан ауылда 500-ден астам жеке тұрғын үй бар. Газ қосу рәсіміне облыс әкімі қатысып, көгілдір отынның таралуына бастама берді. 


Ауыл тұрғыны Айдын Шуақбаева үшін шуаққа толы күн бұл. Үйіне газ келіп шаттанып жатқанда шаңырағына аймақ басшысы аялдады. 


АЙДЫН ШУАҚБАЕВА – АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ

Қыс түссе көмірді қайдан аламыз, қалай жеткіземіз деген біз үшін үлкен уайым болатын. Міне биылғы жылға табиғи газға қосылып, ауылымыз одан әрі қарай өркендеп дамып жатыр. Ауылдың қыз-келіншектері үшін өте тиімді, жақсы жағдай жасалды деп ойлаймын. Таң атысымен күл шығарып, түнде тұрып от жағудан құтылдық. 


500-ден астам үйді табиғи газбен қамтуға республикалық және жергілікті бюджеттен қаржы қаралған. Ауылға көгілдір отын жеткізу ісіне жауапты «Әлия сервис» серіктестігі. Мердігер мекеме құрылыс жұмыстарын өткен жылдың қараша айында бастаған. Нәтижелі жұмыстың арқасында, мерзімінен бұрын аяқтапты. 


САМРАТ НҰРЖАНОВ – УЧАСКЕ БАСТЫҒЫ 

 Жалпы, 2026 жылдың желтоқсан айында біту керек. Одан ертерек бітіруге тырыстық. Дайындап, өткіздік. Жалпы ұзындығы 53.6 шақырымды құрайды. 3 шрф шкаф бар. Жоба құны 1,8 млрд. жұмысшылар ауыл азаматтары істеді. Жалпы 50-60 адам жұмыс істеді. Соның арқасында уақытынан ертерек бітті. 


Ақжарма елдімекені табиғи газға қосылған аудандағы алтыншы ауыл. Осыған дейін Тереңөзек кенті, Қалжан ахун, Тоқмағамбетов, Сәкен Сейфуллин, Шаған, Нағи Ілиясов ауылдарына көгілдір отын тартылған еді. Көп ұзамай тағы екі ауыл көгілдір отын игілігін көреді. 


НҰРЛЫБЕК БАЙМЕНОВ - АУДАНДЫҚ ТҰРҒЫН ҮЙ-КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҚ, ЖОЛАУШЫЛАР КӨЛІГІ ЖӘНЕ АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ БӨЛІМІ БАСШЫСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ 

 Алдағы уақытта Шіркиелі, Қоғалыкөл елдімекендерінің құрылыс жұмыстары басталатын болады. Соның нәтижесінде ауданымыздың газбен қамтуы 80 пайызға жететін болады. 


 Облыс әкімі салтанатты шарада аймақ тұрғындарын газбен қамту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды тілге тиек етті.  



МҰРАТ ЕРГЕШБАЕВ - ОБЛЫС ӘКІМІ 

 Аймағымызда 2022 жылдан бастап 65 млрд.теңгеден астам 77 жоба жүзеге асырылды. Нәтижесінде облыс халқының газдандыру деңгейі 83 пайызға жеткізілді. Биыл жыл соңына дейін 10 елдімекенді газдандырып, халықты көгілдір отынмен қамту деңгейі 85 пайызға жеткіземіз. Бұл мақсатқа 5 млрд.теңгеге жуық қаражат бөлінді. 


Бүгінге дейін от жағып, сұйытылған газды тұтынып келген тұрғындар үшін табиғи көгілдір отынға көшудің артықшылықтары көп. Тұрмыста пайдаланылатын газ қауіпсіз, әрі бағасы да арзан.