Түнгі рейд
#qyzylordatv #заңментәртіп
Жасөспірімдермен жасалатын және оларға қарсы жасалатын қылмыстардың алдын алу өзекті. Осы мақсатта Арал ауданында профилактикалық бағыттағы жұмыстар тұрақты жалғасып келеді. Жыл басынан бері аудан көлемінде беймезгіл уақытта көшеде жүрген 500-ден астам жасөспірімнің ата-анасына әкімшілік шара көрілген.
Аудан әкімдігі, прокуратура мен полиция бөлімі бірлескен профилактикалық жұмыстар күнделікті кестеге қойылған. Нәтижесі де жоқ емес. Жасөспірімдердің көшеде беймезгіл уақытта жүруі азайып, қылмыс саны да қысқарған. Тағы бір қуантарлығы түнгі мезгілде дүкендерде алкогольді өнімдерді сату дерегі де азайған. «Бұл бірлескен жұмыстың жемісі»,- дейді жауаптылар.
Бұл бастама ауылдық елді мекендерде де қолдау тапқан. Жасөспірімдердің қауіпсіздігін қадағалауға бағытталған іс-шара нәтижесінде жыл басынан бері олармен жасалған немесе жасөспірімдерге қарсы жасалған бірде-бір қылмыстық дерек тіркелмеген. Дегенмен қадағалаушы орган өкілдері кәмелет жасына толмаған балалардың беймезгіл уақытта көше кезуіне қатысты деректерді әлі де азайту керектігін алға тартты.
Кезекті түнгі рейд барысында құзырлы орган өкілдері ойын-сауық орталықтары мен қоғамдық орындарда түсіндірме жүргізді. Сондай-ақ жол жүру ережесін бұзған жүргізушілерге тиісті шара көріліп, хаттама толтырылды.