Негізгі Жаңалықтар Отбасы құндылығын дәріптеген кеш

Отбасы құндылығын дәріптеген кеш

#qyzylordatv 

«Отбасы құндылықтары – ұлт болашағы». Қалалық мәдени-демалыс паркінде осындай атаумен рухани кеш ұйымдастырылды. Отбасы институтын нығайтуға арналған шараға қала тұрғындары, зиялы қауым өкілдері мен жас сарбаздар арнайы қатысты. Тақырыпты тілшіміз сабақтайды.  


77 жастағы Мұхит әжейдің есімін әкесі қазақы ырымға сүйеніп, азан шақырып қойыпты. Себебі оған дейінгі ұл-қыздары ерте шетінеп кетіп отырған. Сондықтан, «қызымның ғұмыры мұхиттай шалқар болсын», деген әкелік тілеуден туған есім бұл. Асқар тауының асқақ арманы қапысыз орындалып, Мұхит әжей ұзақ өмірдің баспалдағын басып келеді. Бүтін ғұмырын медицина саласына арнаған зейнеткер өзі де талай сәбиді ажалдан арашалапты.   


 МҰХИТ АҒЫБАЙҚЫЗЫ – ЕҢБЕК АРДАГЕРІ  

 Өмір жолы отбасыдан басталады. Мен теміржол ауруханасының перинаталдық бөлімшесінде жұмыс істеп, сәбилерді дүниеге әкелуге көмектестім. Олардың алғашқы шырылын естіген алғашқы адам болдым. Ұлымды өсіріп, жетілдірдім, ал қазір немерелеріме қараймын. Бала тәрбиесіне үлкен мән беру қажет деп санаймын


 Ашық аспан астындағы рухани кеште сірескен сценарий жоқ. Басты мақсат – осындай өмір көрген жандардың өнегесін өскелең ұрпаққа естірту. Еркін форматтағы шара қас қарайғанға дейін жалғасты. Ұлттық ұлан сарбаздары мен қала жастары қазыналы қариялардың ақылын тыңдап, отбасы құндылығы турасында ой бөлісті.


БАҚТИЯР ОСПАНОВ – ТЕОЛОГ  

Өмірлік тәжірибем көрсеткендей, отбасы мен ата-анасына адал болмаған адам өз Отанына да адал бола алмайды. Біз көбінесе байлық, қоғамдағы мәртебе мен атақ-даңқ сияқты дүниелік игіліктердің соңынан қуамыз да, ең құнды нәрселерді ешқандай ақшаға сатып алу мүмкін емес екенін ескере бермейміз..


Айта кетерлігі, қала әкімдігінің бастамасымен осындай еркін форматтағы рухани шаралар жиі ұйымдастырылып келеді. Мәдени-ағартушылық бағыттағы бастама алдағы уақытта да жалғасын таппақ. 


 ҰЛЫҚБЕК БЕКҰЗАҚҰЛЫ – А.ТОҚМАҒАМБЕТОВ АТЫНДАҒЫ ҚАЛАЛЫҚ МӘДЕНИЕТ ҮЙІНІҢ КӨРКЕМДІК ЖЕТЕКШІСІ 

Отан – отбасынан басталады, сондықтан біз бүгін көрнекті қоғам қайраткерлерінің қатысуымен осындай тақырыптық кеш ұйымдастырдық...


Отбасы – бақыт бағының айнасы. Өмір жолына қадам басқан әрбір өскіннің өресі үйде алған тәлім-тәрбиесіне байланысты. Ал сол жеткіншектер ертең ел тұтқасына айналары анық. Сондықтан ұлағатты тәрбиеге баулитын осындай мазмұнды шаралар жалғасқаны құп. 

Бөлісу