Негізгі Жаңалықтар Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы

Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы

#qyzylordatv #заңментәртіп 

 Қазалы ауданында белгілі теолог, дінтанушы Нұрлан Асанов, айтыскер ақын Мұхтар Ниязов және ақын Ақжол Түменбаймен кездесу кеші ұйымдастырылды. «Саналы ұрпақ – жарқын болашақ» тақырыбындағы шарада жастар тәрбиесі, ата-ананы құрметтеу, рухани құндылықтарды дәріптеу, ұлттық болмысты сақтау, діни және құқықтық сауаттылықты арттыру сияқты қазіргі қоғамдағы ең өзекті мәселелер жан жақты талқыланды. 


 Бүгінгідей жаһандану заманында ұрпақ тәрбиесіне ерекше мән берген абзал. Әсіресе, таңға дейін телефонға телмірген, әлеуметтік желіге желімдей жабысқан жастардың болашағына алаңдау керек. Себебі, қазір ғаламтор арқылы арбауына түсіретін алаяқтар көп. Екінші мәселе, жат ағымның жетегіне ермеу. Белгілі теолог, дінтанушы Нұрлан Асанов осы тақырып аясында сөз қозғап, көпшілікке ой салды. 


НҰРЛАН АСАНОВ, ДІНТАНУШЫ 

М.Жолдасбеков ағамыз айтпақшы «Дінді дұрыс ұстасаң қасиетке айналады, дұрыс ұстамасаң қасіретке айналады». Сондықтан осы сәтте сондай жолдың, уағыздың артына түспеу керек. ... 


 «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек. Себебі, тәрбиесіз берілген білім - адамзаттың қас жауы». Ұлы ойшыл Әл-Фарабидің қанатты сөзін қағидаға алған аудан әкімі жастар тәрбиесіне арналған жұмыстарға тоқталды. Ал, айтыскер ақын Мұхтар Ниязов отбасы құндылығы, ата-ананы құрметтеу, қызға қырық үйден тиым, орынсыз әзіл айту, ар, ұят тақырыбында тағлымды әңгіме өрбітті. 


 МҰХТАР НИЯЗОВ, АЙТЫСКЕР АҚЫН 

Қазір не болса соған күле беретін деңгейге жеттікқой. Адамның қалай күлгеніне қарап әдебін байқайсың, неге күлгеніне қарап деңгейін байқайсың дейді...


 Жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алып, құқықтық сауаттылығын арттыру да маңызды мәселе. Аудан прокуроры Мадияр Бекпанов осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. Жиын соңында белсенді жастар күн тәртібінде көтерілген мәселелер бойынша өздерінің пікірін білдіріп, қонақтарға сауал қойды.

 

 Осылайша спикерлердің сөзін екі сағат бойы тапжылмай тыңдаған қазалылық жастар санаға сілкініс жасап, тағлымды дүниелерді ой елегінен өткізді. 


Бөлісу