Тарихи-танымдық экспедиция жолға шықты
#qyzylordatv
«Академик Қаныш Сәтбаевтың ізімен» атты тарихи-танымдық экспедиция мүшелері Қызылордаға аялдады. Ұлытау облысынан жолға шыққан делегация Сыр өңіріндегі Жосалыдан Қарсақбай кентіне дейін жүріп өтпек. Себебі, осыдан 100 жыл бұрын қазақ ғылымының алыбы әлемдегі ең ірі мыс кен орнын табу үшін осы жолды тоздырған. Баба ізін байрақтаған сапар турасында тілшіміз тарқатады.
Академик Қаныш Сәтбаев 1926 жылы Томск технологиялық институтын тәмамдағаннан кейін еліміздің кен орындарын барлауға білек сыбана кірісті. Осы ізденіс жолында Жосалы мен Қарсақбай кенті аралығында 15 жыл зерттеу жүргізген. Ғалым еңбегі еш кетпеді. Қарсақбайда әлемдегі ең ірі мыс кен орны ашылып, ел кәдесіне жарады. Содан бері 1 ғасыр өтіпті. Академик тапқан кеніштердің көбі әлі күнге дейін жұмыс істеп тұр. Бір қызығы, зерделі ғалым келер ұрпақтың үлесін де естен шығармаған.
ТӨЛЕГЕН БҮКІРОВ – ТЕХНИКА ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ КАНДИДАТЫ Замандастары Қанеке-ау, бүкіл байлықты ашып беріп жатырсың, болашақ ұрпаққа да бірдеңе қалдырмайсың ба, дегенде, ол да бар, менің айтпай кеткенім, дегеніне менің бір дәлелім: сол Қарсақбайда 15 жыл мекен еткен Қаныштың Дүйсенбай деген өзенінің маңынан жақында біздің геологтар құрамында мысы, қорғасыны, мырышы бар кен табылды. Соның көлемі қанша, дегенімде, көлемі жеткілікті, деді. Қаныш Имантайұлының даналығы бұрғылап кенді алып, анализ жасап қана біледі, құрамы қанша, көлемі қанша екенін. Ал ол кісі жердің беткі қыртысынан-ақ қарап отырып, мына жерде мынадай байлық бар деп айтып кеткен
Сыр төріндегі жиында тарихи-танымдық экспедиция мүшелері осындай қызықты деректерді ортаға салды. Расымен, академик Қаныш Имантайұлы геолог саласындағы көрегенділігі арқылы әлемге танылған ғалым. Ол еліміздің метологендік картасын жасап кеткен бірден-бір маман, әрі бұғып жатқан ен байлықты тауып қана қоймай, оны тиімді игерудің тетігін тапты. Енді ғалымның сол еселі еңбегін дәріптеу бүгінгі буынға міндет. Экспедиция осы мақсатта жолға шығып отыр.
АБУЛАИС МОЛАҚОВ – СӘТБАЕВ ҚАЛАЛЫҚ МӘСЛИХАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ
Қаныш бабамызды тарихтан оқығанымыз өз алдына, 1926 жылы Жосалыдан Қарсақбайға жол жүріп, ең бірінші қадам басқанына 100 жыл толуына орай біз сол атамыздың жүрген жолымен жүріп өту міндетіміз болып тұр. Бұл жалғыз осы экспедициямен аяқталып жатқан жоқ, біз сәуір айынан бастап Қарсақбайдағы атамыз 15 жыл еңбек еткен үйі қазір мұражайға айналған. Оны «Қазақмыс» корпорациясы 2018 жылы күрделі жөндеуден өткізіп, кәдімгі үлкен мұражайға айналыдрған. Сол мұражайға барып, сол мектептерді аралап, кешегі бабамыздың жүрген жолымен жүріп, мазмұнды кездесулер өткіздік.
Экспедиция құрамында тау-кен өндірісінің ардагерлерінен бастап, ғылым докторларына дейін бар. Тіпті, Ұлыбритания елшілігінің өкілі де осы қатарға қосылыпты. Жалпы, Жосалы мен Қарсақбай кентінің арасы 330 шақырымға таяу. Жолшыбай 18 бекет бар. Экспедиция мүшелері әр бекетке арнайы белгі қойып, сапарды Ұлытау облысында аяқтауды жоспарлап отыр.