Цифрландыру және ЖИ саласын дамыту жайы талқыланды
#qyzylordatv
Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев Дүниежүзілік банктің Қазақстандағы және Түрікменстандағы тұрақты өкілі Андрей Михневті қабылдады. Кездесуде тараптар цифрландыру саласын дамыту мәселелерін талқылап,алдағы уақытта салынатын жаңа нысанның жобасы талқыланды.
Үкімет басшысының тапсырмасына сәйкес, Tumo инновациялық, «Tomorrow school» жасанды интеллект мектептерін ашу қажеттілігі туындап отыр деді аймақ басшысы. Осы орайда, жалпы көлемі 5-10 мың шаршы метр болатын және барлық цифрландыру салаларын орталықтандыратын жаңа ғимараттың құрылысын бастау ұсынылды. Қазіргі уақытта «BI group» компаниясы жобаның концепциясын әзірлеп жатыр. Қала әкімдігінде жер учаскесін бөлу мәселесі пысықталуда. Жоба құрылысына шамамен 10 млрд. теңге инвестиция тарту көзделіп отыр. «Біз Дүниежүзілік банктің осы жобаға қатысу мүмкіндігін талқылауға және Сіздердің ұсыныстарыңызды тыңдауға дайынбыз. Алдағы уақытта да өзара тиімді ынтымақтастықты жалғастыратынымызға сенімдімін», – деді Мұрат Ергешбаев.
Жалпы бүгінгі күні облыс бойынша 23 ақпараттық жүйе бар. «Электрондық үкіметтің» архитектуралық порталында 4 жүйе орналастырылған. Сондай-ақ, цифрландыру бағытындағы нысандар өңірлік «Қызылорда хаб» Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің базасында, IT парктің стартаптары мен резиденттері облыстық жастар ресурстық орталығында, «109» және «112» қызметтері облыстық медициналық жедел жәрдем ғимаратында орналасқан.