Негізгі Жаңалықтар «Каспий-Арал» магистралінің құрылысы басталды

«Каспий-Арал» магистралінің құрылысы басталды

#qyzylordatv 

Сыр өңірінде «Сексеуіл-Бейнеу» бағытында жаңа жолдың құрылысы басталды. Тыңнан түрен салған жаңа жоба тәуелсіз Қазақстан тарихында жаңадан салынып жатқан ең ұзын күрежол болмақ. Президент пәрменімен Қызылорда, Маңғыстау, Ақтөбе өңірінде бастау алған жобалар халықаралық қаржы ұйымдарының есебінен жүзеге асып жатыр. 


 АСҚАР ТӘЖИЕВ – ТІЛШІ

Сексеуіл Бейнеу автожолы ел тарихындағы жаңадан салынатын ең ауқымды жобаның бірі болмақ. Және бұл осы уақытқа дейін айналма жол ретінде батысқа бет алған бағытты 900 шақырымға жуық қысқартады. Автодәліз батыс пен шығыстың байланысын нығайтып, елдің транзиттік әлеуетін артттырады. өңірлер арасындағы алыс-беріс пен барыс-келістің көлемін ұлғайтады


Президент жаңа жолды «Каспий-Арал» магистралі деп атады. Жоба бойынша Сексеуіл мен Бейнеу аралығы екінші санатты, Қызылорда – Сексеуіл бағыты бірінші санатты жол болады. Жол аяқталған соң Ақтау мен Құрық порттарына тасымалданатын жүк ағыны артып, өңірдің транзиттік мүмкіндігі кеңейе түспек.


Бүгінде батыс пен оңтүстікті байланыстыратын негізгі автожол Ақтөбе облысы арқылы өтеді. Жаңа магистраль пайдалануға берілгеннен кейін жол шамамен 900 шақырымға қысқарып, жүк жеткізу мерзімі жеделдейді. 


 Қызылорда мен Ақтөбе арасындағы жолдың төрт жолаққа кеңейтілуі аймақ тұрғындарының көптен күткен күрмеулі мәселесі еді. Ал Сексеуіл-Бейнеу жолы теңізді өлкенің жаңа тынысын ашып, шалғай ауылдарға жол қатынасын жақсартады. Бұл осы маңдағы 6-7 елді мекеннің өркениет көшіне ілесуіне мүмкіндік береді.


 Президент бір мезетте үш өңірде ауқымды жобаның басталуы елімізде туризмнің дамуына, кәсіпкерліктің жандануына және жаңа жұмыс орындарының ашылуына оң әсерін тигізетінін жеткізді. Ең бастысы жол инфрақұрылымын жақсарту қай тұрғыдан алсақ та тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға ықпал етеді.

Бөлісу