Қаржы пирамидасын ұйымдастырушы сотталды
#qyzylordatv
Облыстық экономикалық тергеп-тексеру департаменті қаржы пирамидасын ұйымдастырушының жолын кесті. Қылмыстық іс Қызылорда қалалық сотында қаралды. Сотталушы заңсыз пайда табу мақсатында қаржы пирамидасын ұйымдастырып, азаматтардың ақшалай қаражатын заңсыз тартқан. Сенімге кіру үшін анасының атына бірнеше екінші деңгейлі банкте жеке кәсіпкерлікке арналған шоттар ашқызып, оларды өз қызметінде пайдаланған.
Сонымен қатар ол әйелдер киімін сататын дүкен ашып, әлеуетті салымшылармен байланыс орнатқан. Кейін «WhatsApp» мессенджерінде «Бай Қыздар» атты топ құрып, салынған қаражатқа жоғары табыс төленетінін, алтын бұйымдар мен «iPhone» ұялы телефоны сыйлыққа берілетінін уәде еткен. Сот үкімімен азаматша Қылмыстық кодекстің 217-бабының 3-бөлігінің 2-тармағымен кінәлі деп танылды. Азаматтардың ақшалай қаражаты мен инвестицияларын тартуға байланысты қызметпен айналысу құқығынан 7 жылға айырылып, 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды. Жазаны қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша төмен мекемесінде өтеу белгіленді.
Сонымен бірге сотталғанның он төрт жасқа толмаған баласының болуына байланысты жазаны өтеу 5 жылға дейін кейінге қалдырылды. Осы кезеңде оған пробациялық бақылау белгіленді. Сот жәбірленушілердің азаматтық талаптарын толық көлемде қанағаттандырып, сотталғаннан келтірілген материалдық залалды өндіру туралы шешім қабылдады. Үкім заңды күшіне енген жоқ.