Үстел теннисінен облыстық ашық турнир өтті
#qyzylordatv
Нағи Ілиясов ауылында «Абзал және компания» толық серіктестігінің жүлдесі үшін үстел теннисінен облыстық ашық турнир өтті. Республика ғана емес, көршілес ел тұрғындарының басын қосқан спорттық шара биыл сегізінші мәрте ұйымдастырылып отыр.
Тартысты дода республика көлемінде үстел теннисінің дамуына, спортшылар арасындағы ынтымақтастықтың артуына ықпал етеді. Жарыста Қырғызстан, Өзбекстан елдерінен және республиканың 10 облысынан келген 120-ға жуық спортшы бақ сынады.
РОЛЛАН ЕСПЕНБЕТОВ – СЫРДАРИЯ АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев спорт саласын жетілдіруге ерекше басымдық беріп келеді. Осыған орай аймағымызда бұқаралық спортты дамыту және жоғары деңгейдегі спортшыларды даярлауға көп көңіл бөлінуде. Сырдария ауданында спортты дамытуға үлкен қолдау жасалып, мәдени спорттық шаралар көптеп ұйымдастырылуда.
Соның нәтижесінде ауданда спортпен тұрақты айналысушылар саны 42,4 пайызға жеткен. Ал облыстық үстел теннисі федерациясының жетекшісі Болат Бакуовтың айтуынша аймақта үстел теннисінің даму қарқыны жоғары. Облыс орталығында ашылған теннис орталығында қазір бұл спортпен 200-ге жуық бала жаттығады.
БОЛАТ БАКУОВ – ОБЛЫСТЫҚ ҮСТЕЛ ТЕННИСІ ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ
Бұл жарыс негізі о баста облыстық ашық біріншілік деген кезде облыс көлемінде өтетін. Қазір Қырғызстан, Ташкент бүкіл Қазақстан, жоқ дегенде 11-12 облыстың жас спортшылары. Оның ерекшелігі категориясына байланысты 15-тен, 30-дан жоғары ұлдар, 40-тан жоағыр ересектер, 50-ден жоғары арадагерелер, 15-тен жоғары қыз балалар ойнап жатыр.
Үстел тениисінде спортшы жылдам қимылдап, қарсыласының ойын мәнеріне қарай тактикасын өзгерте білуі қажет. Сондықтан бұл жарыста шапшаңдық пен шеберлік сынға түсті. Айта кету керек, бұл бәсекеге тәжірибелі спортшылармен қатар жас теннисшілер де қатысты. Олар тартысты додада өз мүмкіндігін сынап, тәжірибесін толықтырды.
АЙБЕК КАМАЛОВ – ЖАРЫСҚА ҚАТЫСУШЫ (ӨЗБЕКСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ)
Мен бұл жарысқа былтыр да қатысқан едім, биыл екінші рет бақ сынаудамын. Бұл спорт түрі салауатты өмір салтын қалыптастыруға ықпал етеді. Спортшылар арасындағы достықты нығайтады. Өзім тенниспен 45 жылдан бері айналысамын.
МАРАТ ӘБІШЕВ – ЖАРЫСҚА ҚАТЫСУШЫ
Жарыс өзі сегізінші мәрте болып жатыр. Мен жетінші мәрте қатысып жатырмын. Екінші, үшінші орын алып жатырмын жылда. Орынсыз әлі қайтқан жоқпын. Өзім Жетісай қаласынанмын, Түркістан облысынан. Турнир өте жақсы деңгейде өтеді жылда.
Нағи Ілиясов ауылында балалардың спортпен айналысуына жағдай жасалған. Бұл орталықта оқушылар бокс, футбол, үстел теннисі, қазақ күресі, панкратион спорт түрлері бойынша жаттығады екен. Айта кету керек, үстел теннисінен өткен турнир қорытындысы бойынша үздіктер анықталып, жүлдегерлерге қаржылай сыйақы табысталды.