Ас үйден басталған кәсіп
#qyzylordatv
Елімізде тамақ индустриясымен қатар тұрғындарға қызмет көрсету сапасы артып келеді. Нәтижесінде қонақ күтіп, мерекелік дастархан әзірлеу үшін кәсіби маманның көмегіне жүгінетіндер көбейді. Шағын ас үйде кәсіп бастап, бүгінде жүздеген адамға ас әзірлейтін аспаздың бірі – Гүлшат Байзақова.
Иә, қазір қонақ келеді деп апта бұрын дайындалып, тегеш толы бауырсақ пісіріп, күн-түнге қарамай ас даярлап әуреге түсетіндер азайды. Жұмыстың көптігі, уақыттың аздығы, талғамның өзгеруі дейміз бе, бұл қалыпты жағдайға айналып барады. Есесіне телефон арқылы тағамға тапсырыс беріп, дастарханды әп сәтте жайнатып қоятын тұрғындар көбейді. Шағын ас үйінде кондитерлік өнім пісіру арқылы кәсіп бастаған Гүлшат Байзақова бүгінде бұл қызмет түріне сұраныстың жоғары екенін айтты.
ГҮЛШАТ БАЙЗАҚОВА – АСПАЗ
Қазір көбінде кредит бар, жұмыс істейді де, уақыт тапшы болып жатады. Дастархан жасап отыруға уақыты жоқ. Дайын дастархан жасауға продукты алуға бір күн, оны жасауға екі күн кетеді...
Аспаз осыған дейін үй-үйге барып, қонақ дастарханына арналған ас әзірлейтін. Бірақ бір үйде пеш аз, бірінде құрал-жабдық пен ыдыс жеткіліксіз. Сондықтан уақытты үнемдеу үшін үй маңындағы қосымша ғимаратты толықтай асүйге айналдырып, тағамның бәрін осында әзірлеуге көшіпті. Айта кету керек, мұндағы мамандар түскі ас уақытында ыстық тағамды мекемелер мен дүкендерге де жөнелту қызметін де атқарады.
Дастархандағы дәм – қонаққа деген сыйластық пен қамқорлықты жеткізудің бір жолы. «Ас тойымды әрі сіңімді болуы үшін оны әзірлеген аспаздың ниеті мен көңілі де аса маңызды» дейді біздің кейіпкеріміз. Иә, кейде шын ықыласпен әзірлеген астың дәмі таңдайдан кетпейтіні содан болса керек.
ГҮЛШАТ БАЙЗАҚОВА – АСПАЗ
Адамның ықыласы, осы нәрсеге деген махаббаты тамаққа беріледі. Сенің энергияң тамақ арқылы екінші адамға барады. Кейде ресторан, кафелерде жеген тамағың сіңбей жатады. Мен сол кезде ойлайм, поварына бір кіріп шықсам ба екен деп...
Эстетикалық көрінісі әдемі, дәмі тіл үйіретін ас әзірлеу – талғам мен шеберлікті қажет ететін өнер. Сапалы ас даярлап, тұтынушылардың сеніміне ие болған аспаздың ендігі мақсаты – қызмет көрсету аясын кеңейтіп, арнайы цех ашу.