Құрылтай сайлауына дайындық барысы талқыланды
#qyzylordatv
Өңірге жұмыс сапарымен келген орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Мұхтар Ерман алдағы маңызды науқанға дайындық барысымен танысты. Бүгінде облыс төңірегіндегі барлық сайлау учаскелері толықтай жасақталып, комиссия мүшелері арнайы оқу курстарынан өтуде.
Құрылтай сайлауында Сыр өңірінде 9 аумақтық, 386 учаскелік сайлау комиссиясы жұмыс істемек. Қазір саяси науқанға дайындықтың соңғы сатысы жүріп жатыр. Осы орайда Мұхтар Ерман алдымен жергілікті атқарушы орган өкілдері мен барлық ауданның аумақтық сайлау комиссияларымен жүздесіп, ахуалды саралады. Айта кетерлігі, облыс аумағындағы сайлау учаскелерінде 2720 комиссия мүшесі қызмет атқармақ. Олар арнайы оқу курстарынан өтіп, заңнамалық тұрғыда білім жетілдірді.
Саяси науқанға дайындық барысын қадағалау үшін өңірде халықаралық байқаушылар да жұмыс істеуде. Жиында Мұхтар Тілдәбекұлы маңызды миссия арқалаған шетелдік меймандарға дайындық кезеңінің әрбір сатысын түсіндірді. Мәселен, азаматтар сайлауға қатысты толғандырған сауалдарын жолдау үшін аймақта арнайы онлайн-сервис іске қосылған. Бүгінге дейін аталмыш платформаға 60 мыңға жуық сауал жолданыпты. Олардың арасында мүгедектігі бар азаматтардың сайлау учаскелерінде емін-еркін дауыс беруін көтергендер бар екен. Ал бұл мәселе тиісті сала мамандарының жіті бақылауында.
Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Мұхтар Ерман мұнан соң облыс орталығындағы бірнеше сайлау учаскесіне арнайы барып, ондағы дайындық жұмыстарын көзбен көрді. Сондай-ақ, учаскелік комиссия мүшелеріне сайлау процесі ашық әрі әрбір азаматқа қолжетімді болуы керектігін және мүгедектігі бар дауыс берушілердің құқығын сақтау маңызды міндет екенін қаперге салды.
Қазір азаматтарды ақпараттандыру үшін 109 біріңғай желісі жұмыс істеп тұр. Мұнымен қоса, орталық сайлау комиссиясының сайтында жасанды интеллект көмекші құралы іске қосылған.