Маңызды саладағы мәселелер мәслихат мінберінде талқыланды
#qyzylordatv
Қызылорда қаласында агроөнеркәсіп кешенін дамыту және ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу бағытындағы жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Бұл – азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашып, жергілікті өнім көлемін арттыруға мүмкіндік береді. Бүгін бұл мәселе қалалық мәслихаттың тұрақты комиссия отырысында талқыланды.
Былтыр шаһарда жалпы құны 5 миллиард теңгені құрайтын 5 инвестициялық жоба іске қосылған. Олардың қатарында күріш ақтау, нан-тоқаш, кондитерлік және макарон өнімдерін өндіру, сондай-ақ азық-түлік өнімдерін шығаратын өндірістік цехтар бар. Осы арқылы 137 жаңа жұмыс орны ашылған. Ал биыл сүт фермасын құру, балық шаруашылығын дамыту, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, жылыжай кешені мен көкөніс қоймасын салу бойынша жаңа жобалар іске асуда.
МЕЙРАМБЕК ӘЖІБЕКОВ – ҚАЛАЛЫҚ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ ЖЕР ҚАТЫНАСТАРЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ
Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, агроөнеркәсіп саласына инвестиция тартуды тұрақты қамтамасыз ету мақсатында 2025-2029 жылдарға арналған инвестициялық жобалардың жол картасы бекітілген. Оған жалпы құны 23,3 миллиард теңгені құрайтын 9 жоба енгізілген. Нәтижесінде 237 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр
Агроөнеркәсіптің дамуы – өнім өндірумен ғана шектелмейді. Егістік көлемін ұлғайту, халықтың өзі өнім өсіруіне жағдай жасау мен жергілікті өнімді қолжетімді бағамен ұсыну да маңызды. Бұл ретте Ақсуат ауылының тұрғындары биыл 4,7 гектарға картоп, 150 гектарға бақша, 175 гектарға көкөніс дақылдарын еккен. Ауылдық округте бүгінде 5 жылыжай жұмыс істейді. Наурыз елді мекеніндегі тұрғындарға толықтай су жеткізу үшін каналдарды бетондау және қайта жаңғырту қажеттілігі де көтерілді.
Ауыл шаруашылығы елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін маңызды сала. Сондықтан бұл мәселеге қатысты айтылған ұсыныстар тұрақты комиссияның қаулысына енгізіліп, тиісті шешімдер қабылданбақ.