Негізгі Жаңалықтар Әдеп жөніндегі кеңестің кезекті отырысы

Әдеп жөніндегі кеңестің кезекті отырысы

#qyzylordatv 

Мемлекеттік қызмет саласындағы әдеп нормаларын сақтау, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, мемлекеттік қызметшілердің еңбек құқықтарын қамтамасыз ету, тәртіптік тәжірибе және тәртіптік жауапкершілік. Бүгін бұл мәселелер Әдеп жөніндегі кеңесінің кезекті отырысында қаралды. 


 Алдымен Қармақшы ауданының әкімі Жандос Еркінбек 2025 жылы және биыл алғашқы жартыжылдықта атқарған жұмыстарға тоқталды. Ауданда жоғары оқу орнын үздік бітірген жастарды конкурсссыз мемлекеттік қызметке алу тәжірибесі оң нәтижесін көрсетіп отыр. Дегенмен кеңес мүшелері мемлекеттік әкімшілік лауазымдардағы бос орындарды толықтыру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомствоаралық комиссия анықтаған тәуекелдер мен өзге де кемшіліктерді түзетуді ұсынды. 


 Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасында мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнаманы бұзудың екі дерегі тіркелген. Олардың бірі – лудоманияның құрбаны болып, құмар ойынға бәс тіккені үшін қызметінен босатылған. Ал тағы бір қызметкер өз міндетін асыра пайдаланған.  


Мұнан соң облыс бойынша көліктік бақылау инспекциясы Әдеп жөніндегі уәкілінің атқарған жұмысы тыңдалды. Кеңес мүшелері мемлекеттік қызметшілердің жұмыс уақыты режимін сақтауына, жұмыс уақытынан тыс негізсіз жұмыс істеуге жол бермеу қажеттігін жеткізді. Сонымен қатар, екінші тоқсанның қорытындысы бойынша мемлекеттік органдардың тәртіптік комиссияларының жұмыс нәтижесі қаралды. Тағы бір мәселе Әйтеке би кенті әкімінің тәртіптік жазасын мерзімінен бұрын алу ұсынысын кеңес мүшелері бірауыздан мақұлдады. 

Кеңес барысында мемлекеттік қызметшілердің тәртіптік жауапкершілігін қамтамасыз ету, қызметтік тергеп-тексерулерді сапалы жүргізу және тәртіптік істерді қарау кезінде заңнама талаптарының сақтау қажеттігі айтылды. 


Бөлісу

Аймақтық телеарналар