Президент бір топ қоғам қайраткерін мемлекеттік наградалармен марапаттады
#qyzylordatv
Президент Қасым-жомарт Тоқаев бір топ қоғам қайраткерін мемлекеттік наградалармен марапаттады. Олардың қатарында қаламы қарымды жазушы, қылқалам шебері, өмірін өнерге арнаған шығармашылық иелері, мемлекеттік қызметкер мен ауыл шаруашылығы саласының еңбеккері де бар. Президент Ақорда төрінде ұлт мүддесі үшін қажырлы қызмет етіп, халықтың ықыласына бөленіп келе жатқан мәртебелі жандарға алғысын білдірді.
Бәтима Зәуірбекованың есімі тоқымалы кілем-суреттерімен танымал. Ол еліміздегі гобелен картиналарын жасаған тұңғыш әйел-суретші. Бүгінде өнер иесінің 200-ден астам туындысы тек Қазақстанның ірі музейлерінде ғана емес, шетелдерде де сақтаулы. Өнер қайраткерінің жылдар бойғы қажырлы еңбегі еленіп, бүгін ол «Отан» орденімен марапатталды.
НАТАЛЬЯ БОЖЕНОВА, ҚР Ә.ҚАСТЕЕВ АТЫНДАҒЫ ҰЛТТЫҚ ӨНЕР МУЗЕЙІНІҢ СӘНДІК-ҚОЛДАНБАЛЫ ӨНЕР БӨЛІМІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ Бәтима Зәуірбекова- шын мәнінде еңбегімен, талантымен, шеберлігімен ерекшеленген адам. Оның туындыларында көбінесе қазақ халқының тұрмыс тіршілігіне қатысты тақырыптар қамтылады. Әсіресе, ою-өрнектерге ерекше мән береді. Бүгінде автордың 18 туындысы ел музейлерінде сақтаулы тұр
Саналы ғұмырын ұлт руханиятын дамытуға арнаған көрнекті ғалым, қарымды қаламгер Тұрсын Жұртбай бірінші дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталды.
Жазушы әсіресе Абай тұлғасын, дүниетанымын жаңаша пайымдады. Әуезовтің шығармашылығын зерттеп, алаш ақтаңгерлерінің ақиқатын тың деректермен толықтырды. Оның қаламынан туған мыңдаған еңбек қазақ халқының тарихи санасын жаңғыртты, ал тәрибелеген шәкірттері, ұлттық әдебиет пен ғылымның жаңа буынының қалыптасуына ықпал етті
Ал, мемлекеттік қызметте 40 жыл еңбек еткен Александр Судьин бүгін екінші дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталды. Парламент Сенатының депутаты, вице-спикер және Сенат аппаратының басшысы ретінде қазақстандық парламентаризмнің дамуына айрықша үлес қосқан білікті маманға Президент алғысын білдірді.
Сондай-ақ Президент театр және кино саласында жарты ғасырдан астам уақыт жұмыс істеп келе жатқан белгілі режиссер Нұрқанат Жақыпбайдың еңбегін жоғары бағалап, «Қазақстанның халық әртісі» марапатын табыстады.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы кәсіби жолын агрономдықтан бастап серіктестік құрған Виктор Хильниченконың агроөнеркәсіп саласын дамытуға қосқан үлесіне тоқталып, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атағымен марапаттады.
Жиын соңында мемлекет басшысы елімізде болып жатқан маңызды тарихи шешімдерге тоқталды. Көп ұзамай Қазақстан тарихында алғаш рет Құрылтай сайлауы өтеді. Демек, алдымызда ұлт болып ұйысып, жұрт болып жұмыла еңбек ететін аса жауапты кезең тұр, - деді Мемлекет басшысы.